Нұрболат Құрбанбаев: «В» деңгейінде біз көбіне тактикаға аса мән береміз»

Нұрболат Құрбанбаев: «В» деңгейінде біз көбіне тактикаға аса мән береміз»

05 шілде 2022, 14:36
ҚФФ техникалық орталығы өткізіп жатқан бапкерлік курсының тыңдаушысы Нұрболат Құрбанбаев ҚФФ баспасөз қызметіне берген сұхбатында УЕФА «В» лицензиясының сабақтары туралы айтып берді.

– Жалпы курс туралы айта кетсеңіз?

– «В» дәрежесіндегі курс – бапкерліктің екінші сатысы деп айтуға болады. «С» дәрежесі 6-12 жас аралығындағы балалар болса, «В» категориясы 13-17 жас аралығындағы балаларды жаттықтыру спецификасына арналған. Осы жастағы балаларға не істеу керек екенін түсіндіру, физикалық, психологиялық немесе техникалық жағына көңіл бөлу және әр жас ерекшелігінің футболдағы міндеттеріне жауап береді. Бір жылға жалғасатын курс 6 модульден тұрады, ал әр модуль 3 күнге жалғасады. Үш күннің ішінде көбіне теория өтеміз, әрі қарай алаңға шығып, тәжірибеде іске асырамыз. Бұл біздің бесінші модуль, енді бір модульден кейін емтихан тапсырамыз. Емтиханда бір жыл бойы өткен жұмыстар тексеріледі. Үй жұмысы, теория мен практиканы қосып, зерттеп, оны қаншалықты меңгергенімізді анықтайды.

– Бесінші модульдің қандай ерекшеліктері болды?

– Бұл модульдің алдыңғы модульдерден ерекшелігі – оқудың басында өзіміздің қақпамыздың аймағында жұмыс жасасақ, осы жолы алаңның ортасындағы сары аймақта қалай шабуылды дамыту керек деген сұрақтарға жауап бердік.

– Өткен модульдерден қарағанда қиын болды ма?

– 1-2 модульдер қиынға соққан, бірақ әр модульді артқа қалдырған сайын жеңілдеп келе жатыр.

– Балалармен жұмыс істеудің, оларға қатысты жаттығудың спецификасы туралы көп айтылады ма?

– Жаттығудың спецификасы туралы «С» деңгейінде жиі айтылады, өйткені 6 жастан бері қарай оларға құйылатын фундамент. Ал «В» деңгейінде біз көбіне тактикаға аса мән береміз, техника жұмыстарын «С»-да меңгергенбіз.

Бөлісу
Жоғары