Кака: Қазақстан U-13 чемпионатын көргенде жаным рахаттанады

Кака: Қазақстан U-13 чемпионатын көргенде жаным рахаттанады

30 желтоқсан 2025, 15:46
Футзалдан Қазақстан құрамасының бас бапкері Пауло Рикардо Кака ҚФФ баспасөз қызметіне берген сұхбатында еліміздегі футзалдың дамуы жайлы сөз қозғап, Өзбекстандағы әлем чемпионатын қорытындылады. Ұлттық құраманың көшбасшылары қатысты ақпаратты бөлісіп, жасөспірімдер құрамасы жайлы да ойын айтты.

- Кака, жақында Президент сізге екінші дәрежелі «Достық» орденін табыстады. Қандай әсерде болдыңыз?

- Күтпедім. Басында бұл туралы айтқанда қалжыңдап жатыр деп ойладым. Ол кезде Алматыда едім. Ертесі Астанаға ұшуым керек болды. Өте күтпеген жағдай болды. Дегенмен мен үшін өте маңызды және мақтанатын сәт. Қазақстан азаматы болмасам да, мемлекет басшысынан осындай орден алдым. Бұл керемет әсер мен қосымша жауапкершілік береді. Орден алсам да жұмыс әлі аяқталған жоқ, аяқталмайды да. 

- Қазақстанда жұмыс істеп жүргеніңізге алты жылдан асты. Осы уақыт аралығында елдегі футзалда қандай өзгеріс болды?

- Мемлекет те, спорт та, оның ішінде футзал да дамып жатыр. Шынын айтқанда, Қазақстанға алғаш келгенде ойымды жүзеге асыра аламын ба деген күмән болды. Бірақ үш жылдан кейін Литвадағы әлем чемпионатына қатысқан соң елдегі футзалдың дамуына үлесімді қосып, жұмыс істеуге шабыт пайда болды.

Бастысы, Қазақстан  маған жақын елге айналды. Өзімді бөтен сезінбеймін. Әркез қорғап жүремін.

- Өзбекстандағы әлем чемпионаты аяқталғанына да бірнеше ай өтті. Өзіңіз үшін турнирді қорытындылап, жақсы не жаман тұстарын түртіп алдыңыз ба?

- Бұл әлем чемпионатында жақсы нәтиже көрсете алатынымызға сенімді болдық. Бірақ, әттеген-ай, ойлағанымыз болған жоқ. Десе де, бізге сенім артқан жанкүйерлеріміз теріс айналған жоқ, керісінше қолдауын көрсетті. Осынжай қиын сәтте жанкүйердің қолдауы өте маңызды. Команда Қазақстан намысын лайықты қорғап, паркетте бар жан-күшімен күрескенін халық көрді.

Тағы бір айтатын жайт, әлем чемпионатында болашағынан үлкен үміт күтетін футболшыларымыз өздерін көрсете алды. 

- Әлем чемпионатынан соң Дуглас, Лео, Игита секілді тәжірибелі ойыншыларымыздың болашағы жайлы нақты бір ақпарат жоқ. Олар ұлттық құрамадағы мансабын жалғастыра ма?

- Білуімше, тек Игита ЕУРО-2026 кейін ұлттық құрамадан кететітін айтты. Сондықтан қазір әрқайсына үміт артып отырмын. Бәрімен байланыстамын, әрқайсының жағдайын жақсы білемін. Бәрі ұлттық құрамадағы ойынын жалғастырғысы келеді.

- Қазір сіз Қазақстан жасөспірімдер құрамасының да жұмысын қадағалайсыз. Жақында Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңіне қатысады. Дайындық қалай жүріп жатыр? Жас буыннан не күтуге болады?

- Қазір істеп жатқан жұмысымызды бұрын бастауымыз керек еді. Бүгінде Қазақстандағы жасөспірімдер футзалына, U-19 құрамасына деген көзқарас түзелді. Жұмыс ретке келтірілді. Бұрын жарысқа алты күн қалғанда жиналатын едік. Қазір бір жарым жылға созылды. Толық бір циклға созылған дайындықты алғаш рет өткізіп жатырмыз. 

Ойыншылар үшін ұлттық құрамадағы әр түрлі процестердің қалай өтіп жатқанын сезіну өте маңызды. Олар жақсы жаттығып, бәсекелестікті сезініп, бір-бірімен ойын түсінігін жақсарту қажет. Әр жиыннан клубтарына мықты болып қайтуы керек. Бұл еліміздегі жасөспірімдер футзалы чемпионатының дамуына үлесін қосады. 

Топқа келер болсақ, қатысушы командалардың деңгейі жоғары. Дегенмен төрт күн турнир, үш матч бар екенін түсінуіміз керек. Кез келген нәтиже тіркелуі мүмкін. Ең мықты деген команданың нашар күні болады және керісінше, ең нашар команда мықты футзал көрсетуі мүмкін. Қазақстан әрқашан жеңіс үшін ойнайды. Біздің менталитетте жеңілісті қалыпты дүние ретінде қабылдау болмау қажет. Фаворит саналмасақ та, әр ойында тек жеңіске жетуге тырысуымыз керек. Жасөспірімдер құрамасының рейтингі мен нәтижесін жақсартуымыз қажет.

- Қазіргі жас ойыншылар мен өткен буынның арасында айырмашылық бар ма? Футболда жас буын әлдеқайда кәсіби деп айтып жатады.  

- Әрине, басқаша. Өткен буында мұндай ақпарат көлемі болмады. Жеке бапкермен дайындалып, дұрыс тамақтану керегін көп ешкім түсінбеді. Жауапкершіліктің басым бөлігі бас бапкерде болды.

Ал қазір бәрі қолжетімді. Ойыншылар заман талабына сай болмаса бәсекелестікте жеңіліп қалатынын түсінеді.

- Жасөспірімдер құрамасына ойыншылар әр клубтан шақырылған. Ұлттық құрамадағыдай базалық клуб болмай ма?

- Жоқ, ойыншыларымыз әр аймақтан келген. U-19 чемпионатында ойнамайтын кандитаттарымыз бар. Ұлттық құраманың базалық клубын құруды көздемейміз. Өйткені бір клубта керек деңгейдегі жас ойыншылар жоқ. Ел бойынша мықтыларын, ойын стиліне келетін ойыншыларды жинауымыз керек.

- Сіз еліміздің әр аймағында жиі боласыз. Жасөспірімдер мен балалар турнирлерін бақылайсыз. Ерекші дарында балаларды кездестірдіңіз бе?

- 13 жасар мықты ойыншыларды кездестірдім. Бойында дарыны бар. Құдай қаласа, жақсы ойыншы болып дамиды.

Бір ескеретін жайт, Қазақстан U-13 чемпионатын көріп рахаттанамын. Қабілетті ойыншылар көп! Сондықтан жасөспірімдер құрамасымен толыққанды жұмыс істеп, болашақта әр жастағы ішкі чемпионаттарды дамыту керек.

Бөлісу
Жоғары