Ғалымжан Кенжебек: «Ұлттық құрамаға шақырғанда көзіме еріксіз жас үйірілді»

Ғалымжан Кенжебек: «Ұлттық құрамаға шақырғанда көзіме еріксіз жас үйірілді»

23 желтоқсан 2024, 15:36
Биыл ұлттық құрама сапында бірнеше жас ойыншы алғашқы матчын өткізді. Оның арасында 21 жастағы Ғалымжан Кенжебек те бар. Дарынды ойыншы ҚФФ баспасөз қызметіне берген сұхбатында кәсіби футболдағы мансабы, «Қайратта» ойнаған уақыты, Кипр чемпионы мен Испанияға қарсы жарық ойыны туралы айтып берді.

– Ғалымжан, футбол жолың қалай басталғаны, Таразда секцияға кім әкелгені туралы айтып берсең.

– Футболды есік алдында ойнап жүріп бастадық. Көшеде ойнап жүргенімді жаттықтырушы Ваня көке (ред. – Ильницкий Иван Михайлович) көріп, секцияға шақырды. Ол кісінің қолынан Бауыржан Исламхан мен Бақтиер Зайнутдинов өткен. Кейін отбасыммен Шымкентке көшіп кеттік. Ол жақта «Ордабасыда» бір жылдай ойнадым. «Оңтүстік» академиясы ашылып, ол жақта ойнадым. Бір турнирде «Қайратқа» қарсы ойнап, содан кейін академиясына шақырту алдым. 

– «Қайраттың» академиясына алғаш келгенде қандай әсер алдың?

– Академияны алғаш көргенде, ол жақтағы ойыншыларға жасалған жағдайды көргенде өте таңғалдым. Әлі бала едім. Жалғыз келдім. Сондықтан болар басында үйренісу қиынға соқты. Сабақ та оқу керек болды. Бірақ футбол жағынан бәрі ұнайтын. 

– «Қайраттағы» дебютін Алексей Шпилевскийдің уақытында болды емес пе?

– Иә, 2020 жылдың соңында «Таразға» қарсы матчта алаңға алғаш рет шықтым. Ол кезде құрам мықты еді. Жасым небәрі 16-да болатын. Алаңда Вагнер Лав, Косович, Гуральски, Әліп секілді ойыншылар жүрді. Әрине, қобалжыдым. Бір сөзбен айтқанда, чемпиондық құрам болды.

– «Қайраттың» негізгі құрамында өзіңнің ерекше ойыныңмен көзге түстің. Қарсыласты жиі алдайтынсың. Осы үшін жаттықтырушылардан сөз естімедің бе? 

- Қазақстанда үлкендерге әркез құрмет көрсетеді. Сондықтан болар бастапқы кезде абай болдым. 2021 жылы жаттығу жиынында Әліпті алдап кеткенде шынтағымен ұрып қалды. Бірақ мен мұны қалыпты құбылыс деп қабылдаймын.

– Ойыны ұнайтын не өзіңді ұқсасатын футболшылар бар ма?

– Кварацхелия, Неймар, Кокориннің ойынын бақылап жүремін. Бірақ ойыны өте қатты ұнайтын – Месси. Ойыны ерекше, ойлауы басқа, креативті футболшылар ұнайды. Өйткені өзім де сондай болғым келеді.

– Жаттықтырушылар сенің ойын стиліңе өзгеріс енгізіп, шектеу қоятын ба еді?

– 13 жасымнан бері Кирилл Кекер бапкерім болды. Ол бізді футболшы ретінде қалыптастырса, біз оның бапкер ретінде дамуына септігімізді тигіздік. Ол ойыншыларға «Егер қиын болып жатса, допты Годиге беріңдер, ол не істеу керегін біледі» деп айтатын. Бұл маған сенім беретін. Оның үстіне, ойын нәтижесіне әсер ететінімді не болмаса бір эпизодтарда шешіп кететінімді бәрі білетін. Иә, футбол – командалық ойын, бірақ іс жүзінде жаттықтырушылардың ешқайсысы мені шектеген жоқ.

– Биыл Кипр чемпионатына ауыстың. Бұл мансабыңдағы алғашқы шетелдік клуб. Футбол алаңында және оның сыртында қандай айырмашылықты байқадың?

– Ешқашан Кипрдің екінші лигасында ойнаймын деп ойламадым. Ол жақта өмір сүру басқаша. Ауа-райы ыстық, ағылшын тілін үйрену керек. Командада бапкермен не футболшылармен сөйлесе аламын.

Кипр маған оң әсер етті деп ойлаймын. Қазақстанға келген сайын өзгергенімді айтады. Бабыма келдім, ұйқым реттелді. Ең бастысы Кипрде жүрген кезімде мені Қазақстан құрамасына шақырды.

– Бұрын тәртіпке байланысты көп ескерту болатынын айттың. Ал қазір Кипрде жалғыз тұрып, кәсіби тұрғыда өсіп, ойын өрнегіңді дамытып жүрсің. Бұл – өзіңді-өзің тәртіпке салудың нәтижесі ме, әлде басқа бір нәрсе әсер етті ме?

– Бұл алдыңа қойған мақсатына байланысты шығар. Футболшы ретінде дамып, өскім келеді. Кипрдің екінші лигасында ұзақ қалуды жоспарламаймын. Сондықтан өзіммен жұмыс істеп жатырмын. Десе де Кипрде жалғыз жүргенім де әсер етеді. Тек футбол туралы ойлаймын.

Жаттығуымыз 9:30-да басталады. Базадан күндізгі екіде шығамын. Демек осы уақытта мен жұмыс істеймін. Бұрынғыдай бір жаққа асығып тұрмаймын. Кейде бірдеңе істегің келеді, бірақ қазір әдетке айналып кетті. Реабилитацияға да, залға да барамын. Үйге келген соң ағылшынша сабақ өтіп, кешкі ас ішіп, демаламын.

Кипрге келген соң «Қайраттың» базасын, ондағы футболшыларға жасалған жағдайды сағындым. Бар кезінде бағалау қажет екен. Мұндай база көп жерде жоқ. Футболда әр нәрсе маңызды. «Қайратта» футболшының қайта қалпына келуі үшін бәрі бар.

– Кипрдің екінші лигасында «физикаға» әлде шеберлікке мән бере ме?

– Жеңіл қарсылас бар деп айта алмаймын. Барлық ойын қиынға соғады. Ойыншылардың бәрі азды-көпті бір деңгейде ойнайды. Көп алаңда жасанды төсеніш болғандықтан жақсы футбол ойнайсың, бірақ жылдам емес.

– Қазақстан ұлттық құрамасына алғаш шақырту алғаныңды қалай білдің?

– Шыны керек, өте көп күттім. Бұған дейін жастар құрамасында өзімді жақсы қырымнан көрсетіп жүрдім. Кипрде де гол соғып бастадым. Содан болу керек, ұлттық құрамаға шақыратындай сезім болды. Қазір бар ойым футбол болғандықтан үмітім болды.

Нақты тізімге енгенім туралы құрама менеджерінен білдім. Ол хабарласып, Қазақстанға ұшып келу билетін сатып алу жайлы сұрады. Сол сәтте көзіме еріксіз жас үйірілді.

Кеңейтілген тізімге қосылғанымда-ақ өз мүмкіндігімді қарап, көп ойыншыны алып тастайтынын білдім. Әр позицияны зерттеп, өте уайымдадым. Кеңейтілген және нақты тізім арасында бір апта уақыт өтті. Соңында шыдай алмай кеттім. «Акритастың» жаттығуына бара жатқанда нақты тізімге ілінгенімді көрдім. Командада көмектесіп жүрген украиналық және молодовалық футболшылар мені құттықтап, «Дастархан жайып, атап өтуің керек!» деп әзілдеді (күледі).

– Ұлттық құрамадағы алғашқы күндерің қалай өтті?

– Ұлттық құрамаға бара жатқанымда, Зайнутдинов, Исламхан, Тағыберген секілді футболшылар бар екенін ойладым. Олар мен үшін «жұлдыз». Тыныш қана жүремін деп ойлағанмын, бірақ  команда мені жақын қабыл алды. Бұрыннан ойнап жүргендей болдым. Бірден сөйлесіп, қалжыңдасып дегендей. Осының арқасында командаға тез сіңісіп кеттім. Ешқандай қобалжу болмайды.

– Өзіңнің жерлестерің Зайнутдинов және Исламханмен қалай қабылдады?

– Иә, бір жаттығуда Исламхан Бақтиер екеуімізді фотоға түсуге шақырды. Әрине, бұл мен үшін мақтаныш. Олар футбол алаңында көп нәрсеге жетті, ал маған әлі де өзімді көрсету керек. Біз бір қаладан ғана емес, бір бапкердің шәкіртіміз! Сондай-ақ Мұхаммеджан Сейсен, Абылайхан Жұмабек және тағы бірқатар футболшыны жаттықтырған.

– Олар мүлде екі түрлі буынның өкілдері ғой. Көп талантты футболшының дәл осы бапкердің мектебінен өтудің құпиясы неде деп ойлайсың?

– Бірнәрсе деп нақты қадап айту қиын, өйткені мен кішкентай кезімде кетіп қалдым. Бір айтарым, Ваня көке (ред. – Ильницкий Иван Михайлович) шағын аудандарды, көшелерді аралап, дарынды балаларды іздейтін. Егер біреу көзіне түссе, бірден ата-анасына барып, жаттығуға шақыратын. Көп бапкерлер бұлай іздемейді. Ал ол кісі осыған уақытын арнап жүретін. Футболға деген сүйіспеншілік деген осы шығар.

– Әзірге мансабыңдағы ең есте қаларлық ойының – Испания жастар құрамасына қарсы матч. Ол күні ерекше мотивация болды ма, әлде әдеттегідей дайындалдың ба?

– Ойынға дейін өзімді біртүрлі сезіндім. Аяқтарым ауырып тұрды. Ұзақ жолдан кейін болар. Кипрден он сағаттан көп ұшып келдім.

Сосын матчтың алдында қалай соғатынымды, қалай қарсыласты алдайтынымды, ойын сәттерін елестетемін. Бірақ Испаниямен ойында мүлдем мұндай ой болған жоқ. Өйткені Испанияға гол соғу мүмкін емес деп ойладым. Лайықты футбол көрсете алатынымызға сендім, бірақ Испанияға екі гол соғамын деп мүлдем ойламадым.

Ойын басында аяғыма доп келді, содан кейін 12 минут бойы допты көрмедім. Бірінші таймда төрт гол жіберіп алдық, бірақ командаға соңына дейін ойнау керегін айттым. Екінші таймда 2:0 есебімен жеңдік.

– Испаниямен болған матчтан кейін қарсылас ойыншылар немесе жанкүйерлері саған құрмет көрсетіп, мақтау айтты ма?

– Әлеуметтік желіде жазғандар көп болды. Испанияның Кадис қаласында үшінші лигада бақ сынайтын команда бар екен. Соның жанкүйерлері жазып, командаға ауысуымды сұрады. Тіпті, клубтың басшылығы да жазды. Үшінші лиганың өзге клубтарынан да хабарласты.

– Алдағы жоспарларыңа келсек, қыста клуб ауыстыруың мүмкін бе?

– Трансферлік уақытта міндетті түрде ауысып көруге тырысамын. Бірақ әзірге қайда екені белгісіз. Мүмкін басқа бір кипрлік клубқа барармын. Басқа елге де барып қалуым әбден мүмкін.

– Болашаққа қатысты ұзақ мерзімді жоспарың бар ма? Нені мақсат тұтасың?

– Әрі қарай дами бергім келеді. Мысалы, жақында физикалық дайындықтан жеке бапкер жалдасам деп жоспарлап жүрмін. Жалпы алғанда, барлық жағынан дамуым керек.

Егер болашақ жайлы айтатын болсақ, маған Кварацхелия секілді топ-лигада ойнай алатындай мүмкіндігім бар деп жиі айтады. Әрине, бұл сөздер жайдан жай айтылмайды, дегенмен оны іс жүзіне асыру керек. Маған үміт беретін, қосымша мотивация сыйлайтын, ол – адамдардың маған деген сенімі. Жоғары деңгейде ойнауды мақсат еттім. Бірақ бар ойым тек ол емес. Көп нәрсе өзгерді, алайда әлі де футболдан бұрынғыдай ләззат алғым келеді.

Бөлісу
Жоғары