Әли Әлиев: «Мақсат – құраманы жасарту және жанкүйер күткен футболды көрсету»

Әли Әлиев: «Мақсат – құраманы жасарту және жанкүйер күткен футболды көрсету»

06 ақпан 2025, 12:00
Жақында футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының тізгінін ұстаған Әли Әлиев ҚФФ Футбол үйінде БАҚ өкілдерімен кездесіп, сұрақтарына жауап берді.

Әли Ханалиұлы Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері міндетін уақытша атқарады. Биыл Қазақстан құрамасы 2026 жылғы Әлем чемпионатына іріктеу кезеңінде сынға түседі. Біздің құрама Уэльс, Лихтенштейн, Солтүстік Македония және Бельгия командаларымен бірге J тобына түсті.  

Ұлттық құрама іріктеу кезеңін 23 наурыз күні сырт алаңда Уэльске қарсы ойынмен бастайды. Үш күннен соң Лихтенштейнмен кездесеміз. Екі ойын да сырт алаңда өтеді.

- Бұл қызметті отандық маманға сеніп тапсырғаны үшін ҚФФ президентіне алғысымды айтамын. Онымен сөйлескенде, құраманың жасарып, ойыны жылдам әрі агрессивті болуы керегін айтты. Біз де дәл осы бағытты ұстанамыз. Осы тұрғыда пікіріміз бір жерден шықты. Ең бастысы – жанкүйерлер сенімін ақтап, президенттің таңдауы дұрыс болғанын дәлелдеуіміз керек.

Тактикаға келсек, бәрі соған тіреліп тұрған жоқ. Маңыздысы – футболшылардың дайындығы мен физикалық жағдайы. Солардың әлеуетіне қарай жұмыс істейміз. Қазір сапалы үш орталық қорғаушымыз бар, соған сүйеніп, барымызды саламыз. Қазір Әліп бар, Қасым бар, Марочкин мен Жақсыбаев та қатарда. Бәрі олардың бабына байланысты, - деді бас бапкер.

Әли Әлиев жаңадан құрылған бапкерлік штаб туралы да сөз етті. Ұлттық құраманың бұрынғы ойыншылары Нұрбол Жұмасқалиев пен Елдос Ахметов бас бапкердің көмекшісі болады.

- Штабты жасақтағанда Елдос Ахметовтың құрамада жүргенін ескердік. Ол жігіттерді жақсы таниды, бұл – байланыс орнатуда өте маңызды. Нұрбол Жұмасқалиев те ұлттық құрамаға дейін көп жұмыс істеді. Жастар құрамасында ассистент болып үлкен тәжірибе жинады. Ол біздің құрамға қосқалы отырған жігіттерді жақсы біледі.

Жастарымыз бәсекеге қабілетті, олардың физикалық дайындығын тиімді пайдаланамыз. Қабілеттерін одан әрі дамытып, жаңа Чесноковтар, Үсеновтер өсіп келе жатқанын көруіміз керек. Осы мақсатта бізге Түркияда жеті күндік оқу-жаттығу жиынын өткізуге рұқсат сұрадық. Бұл жиынға бұрын ұлттық құрамаға шақырту алмаған футболшылар қатысады.

Қақпашылармен жұмыс істеуге Олег Игоревич Воскобойников көмектеседі. Ол – елдің үш дүркін үздік ойыншысы. Біз шақыратын ойыншыларды, соның ішінде Анарбеков пен Жомартты жақсы біледі. Құрама есігін қаққалы тұрған жастар да оған таныс, - дейді маман.

Іріктеу кезеңіндегі қарсыластар туралы да сөз болды:

- Стимул міндетті түрде болуы керек. Даму үшін ыңғайсыздықты сезіну қажет. Жанкүйерлер нәтижені талап етуге толық құқылы, өйткені бұл үмітті өзіміз ояттық – Данияны, Финляндияны, Солтүстік Ирландияны жеңдік.

Тобымыз қызық, өз фавориттері бар. Мысалы, Уэльстің футболшылары АПЛ-да ойнайды. Бірақ көп нәрсе жігіттердің мотивациясына байланысты.

Еліміздің атын шығару бақыты маған бұйырыпты. ҚФФ басшылығымен жалақы туралы мүлде сөйлескен жоқпын. Қандай еңбекақы белгілесе, соған жұмыс істеймін. Өзіңнің артыңда 20 миллион халық тұрғанын сезінгенде, ақша туралы әңгіме қозғау орынсыз.

Біздің басты мақсат – құраманы жасарту және жанкүйер күткен футболды көрсету. Ал нәтиже өздігінен келеді. Егер тактика, физикалық дайындық, психология бәрі үйлесім тапса, нәтижені көп күтпейміз.

Бөлісу
Жоғары