Мирас Рихард: «Әкемнен асып түссем деймін»

Мирас Рихард: «Әкемнен асып түссем деймін»

28 сәуір 2025, 15:07
Рихард – қазақ футболындағы танымал есім. Даниил – еліміздің бірнеше көшбасшы клубының қақпасын қорғаған қақпашы. Ал бүгінде әкесінің жолын жалғаған ұлы Мирас Қазақстан жастар құрамасының қақпашысы. ҚФФ баспасөз қызметіне берген сұхбатында Мирас Рихард футболға қалай келгенін, әлем футболында кімнің ойыны ұнайтыны жайлы айтып берді.

– Мирас, футболмен бала кезден таныс болғаны анық. Басқа салада бағыңды сынап көргің келді ме? Әлде тек футболмен шұғылдануды жөн көрдің бе?

– Шыны керек, басқа жолды ойлаған емеспін. Әр түрлі спортқа бардым. Бірақ ешқайсысы футбол секілді ұнаған жоқ. 5 жасымнан футболмен шұғылданып келемін. Әрине, әкемнің жолын қайталап, тіпті, асып түссем деймін. 

– Әкең қақпашы болмай-ақ қой деп айтты ма?

– Жоқ, өзім таңдаған шешім болғандықтан әкем қарсы болмады. Бапкерлер үйретпеген жерлерді әкемнен үйрендім. Қақпашы ретімде дамуыма көмектескені үшін алғысымды айтамын. Кейін «Қайратқа» ауысып, ары қарай өзім іліп әкеттім. Бастапқыда әкемсіз қиын болды, бірақ дамуым үшін осылай болу керек боллды. 

– Жақында жастар құрамасының оқу-жаттығу жиыны өтті. Өзің үшін не түйдің? Қазақстан ойнайтын іріктеу тобын қалай бағалайсың?

– Иә, жақсы жиын болды. Бұл біздің алғашқы ортақ жиынымыз. Бір-бірімізбен жақынырақ таныстық, алаңда өзара түсіністік орнатуға тырыстық. Жиі жиналып тұрсақ, іріктеу матчтарында жеңіл болады деп ойлаймын.

Топқа келсек, әрине, оңай емес, бірақ біздің жігіттер өздерін барынша көрсетеді деп сенемін.

 

– Биыл «Ертіс» сапында өнер көрсетіп жатырсың. Команда Премьер-лигаға шығуға сенімді ме?

– Әрине. «Ертіс» – тарихы терең клуб. Біз тек Премьер-лигаға шығып қана қоймай, Бірінші лигада бірінші орын алғымыз келеді. Команда ұйымшыл, алаңда бір-біріміз үшін жанымызды саламыз. Мұндай ұжымда сенімсіз болу мүмкін емес. Бапкерлер штабы мықты, жанкүйерлеріміз де керемет. Өз алаңымыздағы матчтарда атмосфера әркез тамаша. Осы маусымда алдымызға қойылған мақсатқа қол жеткізу үшін бар күшімізді саламыз.

– Қазіргі қақпашылардың ішінде кімге қарап бой түзейсің?

– Куртуа мен Тер Штеген.

– Қақпашы үшін ең маңызды үш қасиет қандай?

– Біріншісі – сабырлық. Екіншісі – сенімділік. Үшіншісі – аяқпен ойнай білу.

– Алдағы бірнеше жылға қандай мақсат қойып отырсың?

– Нақты жоспарларымды өзімде сақтаймын, ашып айтпаймын.

Бөлісу
Жоғары