Мария Ялова: «Әйелдер футболы жаңа деммен дамып келеді»

Мария Ялова: «Әйелдер футболы жаңа деммен дамып келеді»

28 сәуір 2025, 14:14
Қазақстан құрамасының бұрынғы ойыншысы, бүгінде «Қайрат» әйелдер командасының бас бапкері Мария Ялова ҚФФ баспасөз қызметіне биыл Қазақстан чемпионаты неге ерекше екенін және әйелдер футболы индустриясының дамуына қаншалықты маңызды әсері бар екенін айтып берді.

– Биыл Қазақстан чемпионатына алғаш рет 14 әйелдер командасы қатысып жатыр. Бұл әйелдер футболы үшін қаншалықты маңызды?

– Мұны өте көп күттік. Әрине, чемпионат жаңа ойыншылардың дамуына жақсы әсер етеді. 14 команда жай ғана сан емес, болашаққа үлкен қадам. Әйелдер футболы дамып келеді. Ал биыл жаңа деммен, екі есе күшпен қарқын алды. Команда көп болған сайын бәсекелестік те арта түседі. Керемет ойындар көбейіп, ойыншылар мен бапкерлер үшін көп мүмкіндік ашылады. Алаңда жаңа жұлдыздарды шығаруға тамаша мүмкіндік. Ал мыңдаған кішкентай қыздарымыз футбол олардың ойыны екенін түсінеді. 

– Биылғы маусымның басты фавориттары кім?

– БИІК пен «Ақтөбе» – басты фавориттер. «Қайрат» осы екі командаға бәсекелес болуға тырысады. Ал кімнің сенсация жасайтынын айту әлі ерте. 3-4 турдан кейін белгілі болып қалады деп ойлаймын. Жаңа командалар әлі өз ойынын таппады. Дегенмен команда көбейген сайын бәсекелестік те артып, әр түрлі ойын стилдері пайда болады. Ал бұл өз кезегінде түрлі тактикаларды қолданып, ойын сапасын арттыруға әсерін тигізеді. 

– Қазақстан ұлттық құрамасы соңғы екі ойынында жеңіске жетті. Команда В дивизионына шыға ала ма?

– Ұлттық құраманы жеңісімен құттықтаймын. Мүмкін емес ешнәрсе жоқ. Команда өзіне сенсе, қолынан бәрі келеді.

Бөлісу
Жоғары