«KFF Grassroots Awards» жобасы аясында «Mustang» футбол мектебі марапатталды

Футбол мектебі 2018 жылдан бері 6 мен 16 жас аралығындағы жас футболшыларды даярлаумен айналысып келеді. Осы уақыт ішінде «Mustang» түрлі деңгейдегі жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, республикалық және халықаралық турнирлердің жеңімпазы мен жүлдегері атанды.
Мектеп тек спорттық бағытпен шектелмей, инклюзивті жобаларды да белсенді жүзеге асырып келеді. Атап айтқанда, Даун синдромы мен аутизм спектрі бұзылыстары бар балаларға арналған «Футбол бәріне қолжетімді» жобасы қоғам тарапынан оң бағасын алды. Сонымен қатар, «Mustang» жыл сайын «Көңілді старттар» атты қайырымдылық шараларына ерікті ретінде қатысып келеді.
Сондай-ақ, Қазақстан мен Еуропадағы жоғары оқу орындарымен серіктестік орнатып, білім беру бағдарламаларына жеңілдіктер қарастырған
Қазақстан футбол федерациясы «Grassroots Awards» марапаты арқылы футболдың қолжетімділігі мен инклюзиясын дамытуда белсенділік танытқан ұйымдарды ерекше атап өтеді. «Mustang» футбол мектебі осы марапат арқылы өз еңбегі мен адалдығы нәтижесін дәлелдеді.
Жетістіктері:
2022 ж. – Алматы қаласының 2004 ж.т. жасөспірім командалары арасындағы футбол чемпионатының жеңімпазы;
2023 ж. – Жеке футбол мектептері мен академиялары арасындағы 2006–2007 ж.т. жасөспірім командалары арасындағы Қазақстан Республикасы чемпионатының жеңімпазы;
2024 ж. – ҚР Тәуелсіздік турнирінің күміс жүлдегері;
2024 ж. – Жеке футбол мектептері мен академиялары арасындағы 2007–2008 ж.т. командалар арасында өткен ҚР чемпионатының қола жүлдегері;
2021 ж. – Алматы қаласының 2006 ж.т. командалар арасындағы футбол чемпионатының қола жүлдегері;
2023/2024 ж. – Қала кубогының қола жүлдегері (2009 ж.т. және 2015 ж.т.);
«Kikinda Cup» халықаралық турнирінің қола жүлдегері (Турнирдің “Үздік қақпашысы” номинациясы бойынша);
«Zlatibor Cup» халықаралық турнирінде үздік 6 команданың қатарында;
«Ateitis Cup» халықаралық турнирінде үздік 10 команданың қатарында.