Астанада ҚФФ төрешілері мен инспекторларына арналған аралық семинар өтті

Астанада ҚФФ төрешілері мен инспекторларына арналған аралық семинар өтті

11 маусым 2025, 15:58
Қазақстан футбол федерациясы Төрелік және инспекция департаментінің ұйымдастыруымен төрешілер мен инспекторларға арналған аралық оқу семинары өтті.

Қатысушыларға теориялық сабақтар, фитнес-тестілеу және ойын сәттерін тәжірибелік талдау бағыттарын қамтыған білім беру бағдарламасы өтті. Семинарда ойын ережелері, VAR жүйесін қолдану, айып алаңындағы эпизодтарды талдау, допқа қолмен ойнау жағдайын интерпретациялау, ескерту беру критерийлері, сондай-ақ адал ойын мен Integrity қағидаттарын сақтау мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Семинарды төрешілік және инспекция департаментінің басшысы, УЕФА сарапшысы Нуну Алешандре Паррейра де Каштрудың жетекшілігімен ҚФФ нұсқаушылары жүргізді. Оқытушылар қатарында Леонид Калошин, Елеш Құсайынов, Павел Салий, Александр Горда, Артем Кучин, Эльвира Нұрмұстафина, Светлана Кучина және Ихтияр Абдурахманов бар.

Кейін инспекторларға арналған жеке сессия өтіп, онда матчтан кейінгі есептерді дұрыс ресімдеу тақырыбы талқыланды.

«Семинар жоғары деңгейде өтті. Мұндай іс-шаралар төрешілер мен инспекторлардың кәсіби дайындығы мен жалпы деңгейін сақтап тұру үшін маңызды. Біз бұдан әрі осындай кездесулерді ұйымдастырып, Қазақстан футболындағы төрешіліктің сапасын жүйелі түрде арттырып отырамыз», деді Нуну Алешандре Паррейра де Каштру.

Айта кетейік, биыл жазда VAR жүйесімен жұмыс істейтін төрешілерге арналған арнайы семинар өткізу жоспарланып отыр.

Шара ҚФФ төрешілер корпусын даярлау жүйесінің маңызды бөлігі және қазақстандық футболдағы төрешілік критерийлеріне қатысты біркелкі ұстанымды орнықтырып ,  кәсіби деңгейін арттыруға бағытталған.

 
Бөлісу
Жоғары