ҚФФ жағажай футболы жаңа логотипін таныстырды

Логотиптің негізгі бөлігі – ауада секіріп, доп теуіп жатқан футболшы бейнесі. Бұл жағажай футболына тән бисиклета қозғалысы, спортшының еркіндігін, шапшаңдығы мен шеберлігін білдіреді. Қанық көк түспен берілген ойыншы – күш пен сенімділіктің символы.
Футболшыны қоршаған көгілдір-жасыл толқын – судың бейнесі ғана емес, сонымен қатар қазақ аспаны мен даласын астарлы түрде бейнелейді. Бұл форма ұлттық ою-өрнек элементтерін еске түсіреді. Ал сары доға – жағажайдың алтын құмын білдіріп, жазғы спорт атмосферасын толықтырады. Бұл түс жеңіске деген жігер мен қуаттың белгісі.
Логотиптің жоғарғы жағындағы күн бейнесі ерекше мағынаға ие. Ол бір мезетте футбол добы рөлін де атқарып, ішіне Қазақстан футбол федерациясының логотибінен алынған ұлттық ою орналастырылған. Бұл – еліміздің ресми футбол құрылымымен тығыз байланысты көрсететін маңызды деталь.
Жаңа логотип – тек спорт белгісі емес, ол – ұлттық болмыс пен спорт рухының символы.