Талғат Байсуфинов: «Бүгінгі ойын алаңдағы артықшылығымыз бен кемшіл тұсымызды анықтауға көмектесті»
«Баршаңызды бүгінгі жеңіспен құттықтаймын. Ойында жігіттерміздің мүмкіндіктерін саралап, жетпей тұрған тұсын да көрдік. Ойынға анализ жасаймыз. Жеңіске жетеміз деп мақсат қойдық, оны орындадық. Жігіттеріміз кішкене ойын стилін ұмытып қалған, қазір соны жеткізудеміз. Алда демалыс. Содан 31 наурызға дейін жаттығуға уақыт болады.
Жалпы, қорғаныстағы ойыншылар соққан голдар – бұл біз жеткізе алған және дайындық барысында үлгерген дүниелердің нәтижесі деп айтуға болады. Стандартты жағдайларды толыққанды пысықтауға уақыт болмады.
Біз қарсыластың өтпелі фазаларда өте жылдам ойнайтынын, ұзын пастар арқылы шабуылға тез шығатынын, дриблинг пен техникалық тұрғыда мықты екенін алдын ала білдік. Бұл туралы ойын алдында да, баспасөз мәслихатында да айттық, ойыншыларға да жеткіздік. Бүгін алаңда олардың командалық ойынын да, жеке шеберліктерін де көрдік. Сондай-ақ стандартты жағдайларда қауіпті екенін білдік. Бірақ матч алдында құрамына қарасақ, бойы аласа, орташа ойыншылар көп екенін көріп, сәл босаңсығанымыз рас. Дегенмен, стандарттар бәрібір қауіпті болды.
Жаттығу барысында қорғаныстағы стандарттарға уақыт бөлдік. Ал шабуылдағы стандарттар – бұрыштама, айып соққылары – біз үлгерген деңгейде ғана дайындалды, ойыншылар соны қабылдады. Біз әрқашан футболшыларға өздері жақсы орындай алатын, тиімді әрекеттерді үйретуге тырысамыз.
Мысалы, Әлібек Қасым соққан гол – «Астана» мен «Тобыл» арасындағы соңғы ойындағы эпизодтан алынған. Ол кезде бұрыштамадан гол соққан еді. Біз де дәл сондай жағдайда допты алыс бағанаға бағыттауды сұрадық. Сол жерде Әлібектен кейін Ислам Чесноков немесе Макс Самородов ойнауы керек болатын. Сіздер айтып отырған мәселе бар, оны жоққа шығармаймыз. Сол себепті біз кәсіби тәртіпке көштік. Шетелдік чемпионаттарда ойнайтын футболшылар ең алдымен сол деңгейдегі талаптарды ұлттық құрамаға әкелуі тиіс. Бұл – олардың шеберлігі мен деңгейіне байланысты.
Бүгін Ислам Чесноковтың ойын тәжірибесі болғанымен, оған уақыт керегін көрдік, ол Қазақстан чемпионатындағы бұрынғы деңгейінде емес. Басқа ойыншыларға да қатысты осындай жағдай байқалады. Макс Самородов өз деңгейінде, ойын ырғағы бар. Ал Нұралы Әліптің «Зенитте» ойын тәжірибесінің аздығы да көрініп тұр. Сондықтан легионерлер үшін ұлттық құрама – өздерін көрсетуге, ойын тәжірибесін алуға мүмкіндік. Клуб бапкерлері де қарап, қорытынды жасайды. Мұнда ерекше ештеңе жоқ.
Қазір бізде негізгі құрам бар, белгілі бір жүйе қалыптасқан. Бірақ құрам тереңдігі жеткіліксіз – ойынға серпін беретін, күшейтетін қосалқы ойыншылар жағынан мәселе бар. Бұл мәселе бір-екі ойынға емес, көп жылдан бері жалғасып келеді. Өзім құрамамен қанша уақыттан бері жұмыс істесем, бұл проблема әрдайым болды. Бұл белгілі бір деңгейде менталитетке де байланысты деп ойлаймын, оны қалыпты қабылдау керек.
Бүгін құрамада бірқатар ойыншы алғаш алаңға шықты. Саша Мрынский былтырдан бері ойын тонусында жүр. Сондықтан оған ойнау жеңілдеу. Басқаларына уақыт керегін түсініп отырмыз. Мінезі мен намысы бар адамға тактика береміз, алда уақыт бар, жігіттерге сеніп отырмыз.
Жарақат алған, ұлттық құрама ойындарына қатыса алмаған ойыншылар алаңдап отыр. Мен клуб басшылары мен бапкерлік штаб өз футболшыларын құрамаға жібермейді деп ойламаймын. Себебі, бізге бірлікті сақтап, бір мақсатты көздеуіміз керек. Ойыншыда жарақат болса, болғаны. Ал болмаса, құрамаға келіп, медициналық штабтан тексеруден өтіп, кейін айтып береді.
FIFA Series аясындағы ойындарда барлық футболшыға ойын практикасын береміз. Алдағы уақытта Бекхан Шайзада алаңға да шығады. Темірлан Анарбеков, Мұхамеджан Сейсен, Бекхан Шайзада және Александр Заруцкий сынды қақпашыларымыз өте жақсы ойын көрсетіп тұр. Біз қақпашылар бапкерімен күн сайын ойыншылардың жағдайы туралы сөйлесеміз. Олардың арасында жақсы конкуренция қалыптасқан.
Комор аралдарына қарсы ойында алғашқы құрамда ойнағандар мен екінші таймда шыққан ойыншалар арасында айырмашылық болады. Ойын балансы сақталу үшін алаңда тәжірибелі ойыншылар болуы керек. Маусымда жолдастық турнир өткіземіз, сол кезде белгілі болады. Мен әрқашан өз сөзімде қарсыласқа қалай ойнауға мүмкіндік берсек, олар солай ойнайтынын айтып келемін. Осы ойында жігіттерге допқа тез жүгіру керегін айттық. Қарсыластарға допқа уақыт берсе алып кетеді, прессинг жасаса ойнауға мүмкіндігі болмайды. Бүгінгі ойында намибиялықтар тез ойын көрсетті, біз допты көп жоғалттық. Десе де ол түзеледі. Бастысы биылғы жылды жеңіспен бастадық», деді Т.Байсуфинов.