Лейла Садықова: «Ұжымшылдық пен ұйымшылдықтың арқасында турнирде жеңіске жеттік»
- Лейла, жеңісіңізбен құттықтаймыз! Турнирден алған әсеріңізбен бөлісіңіз?
- Рақмет! Барлығы жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Біздің қыздар әр ойында бар күштерін салып ойнады. Теңдесіз тәжірибе жинадық. Осындай жарыстардың жиі ұйымдастырылғанын қалаймын.
- Жеңіс жолын қалай өттіңіздер?
- Ең алдымен ұжымшылдық пен ұйымшылдықтың арқасында турнирде жеңіске жеттік. Екіншіден, Қазақстан футбол федерациясы оқу-жаттығуы жиынын жиі өткізеді. Сол себепті бір-бірімізді жасыл алаңда жақсы ұғынамыз.
- Турнирдегі ең ауыр ойын қайсы?
- Алғашқы ойын ең ауыр болды деп санаймын. Өзбекстан құрамасымен 1:1 есебімен тең түстік.
- Екінші кездесуде жарақат алып, шешуші ойынға қатыса алмадыңыз. Жарақатыңыз ауыр ма?
- Қырғызстанмен ойында сол аяғымның тізесінің сіңірін жарақаттап алып, жарысты жалғастыра алмадым. Дәл қазір барлығы жақсы. Жазылу процесі жылдам өтеді деп үміттенемін.