Рәзия Нүркенова: «Іріктеу кезеңінің барлық ойынын абыроймен өткізу үшін күш саламыз»

Рәзия Нүркенова: «Іріктеу кезеңінің барлық ойынын абыроймен өткізу үшін күш саламыз»

31 тамыз 2019, 14:00
Қазақстан әйелдер құрамасының бас бапкері Рәзия Нүркенова Қазақстан футбол федерациясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында команданың дайындығы туралы айтып, іріктеу кезеңіндегі мүмкіндіктерге баға берді.

- Рәзия Төлеуқызы, 2021 жылғы Еуропа Чемпионатының іріктеу кезеңінің алғашқы ойынына дайындықтың қалай жүргізілгенін айтып өтсеңіз.

- Соңғы Әлем Чемпионатының іріктеу ойындары екі кезеңнен тұрды. Алғашқы іріктеу кезеңінен бірінші орынмен шықтық, алайда кейінгісінен сүріндік. Алдағы Еуропа Чемпионатының форматына сәйкес алдын-ала іріктеу кезеңі өткізілмейді. Жеребе қорытындысы бойынша «G» тобына түстік. Біздің қарсыластарымыз – Сербия, Македония, Франция және Австрия ұлттық құрамалары. Сербиямен өтетін ойынға шақырылатын футболшыларды іріктеу үшін Қазақстан Чемпионатының көп ойынын қарадым. Барлық үміткерлер мұқият зерттелді. Мәселен, футболшылардың алаңдағы пайдалы әрекеттері, физикалық даярлығы, олардың әлеуеті анықталды. Қарсыластың да ойындарын толық қарап, команда мен ойыншылардың мықты және осал тұстарына талдау жасадық.

- Алғашқы қарсыласымыз – Сербия. Қандай ақпарат жинай алдыңыз?

- Сербияның әйелдер құрамасы ФИФА рейтингінде 43-орында орналасқан. Біздің құраманың орны – 73. Сербия құрамасының халықаралық ойындарға қатысу тәжірибесі мол. Лайықты қарсылас. Сонымен қатар, тактикалық әрі заман талабына сай футбол ойнайды. Ойыншылардың даярлығы жақсы. Әр позицияда бәсекелестік бар.

- Біздің топты бағалап өтсеңіз...

- Өте қызық әрі қиын топ. Сербияның әлемдік рейтингтегі орнын айтып өттім. Македония – 127, Австрия футболшылары 21-сатыда орналасқан. Франция әлемнің ең үздік төрттігіне енеді. Франция мен Австрияда әйелдер футболы қарқынды дамып келе жатыр. Франция құрамасы – 2019 жылғы Әлем Чемпионатының финалдық кезеңінің қатысушысы. Биыл Франция футболшылары әлем чемпионы АҚШ құрамасымен екі рет кездесіп, лайықты қарсылық көрсетті.

Сербия құрамасы туралы айтатын болсақ, 2019 жылғы Әлем Чемпионатының іріктеу ойындарында Австриямен екі рет кездесті. Алғашқы ойында жеңіліп, қарымта кездесуде тең түсті. Македония құрамасының рейтингі төмен. Алайда, ол жақта да әйелдер футболын дамыту жолға қойылған. Іріктеу кезеңі тартысқа толы болмақ.

- Ойын кестесі туралы не айтасыз?

- Биыл төрт матч ойнаймыз. Екі ойын үйде, екі ойын сырт алаңда өтеді. 2020 жылы алғашқы ойынды сырт алаңда Сербиямен өткіземіз. Ойын 11 сәуірге белгіленген. Ал, Македония және Франция құрамаларымен қарымта кездесулер 3 және 9 маусымға жоспарланған. Іріктеу ойындарын өз алаңымызда аяқтаймыз. Келесі жылдың 22 қыркүйегінде Австрия келеді.

- 2021 жылғы Еуропа Чемпионатының іріктеу кезеңіндегі біздің құраманың мүмкіндіктері қандай?

- Әр ойынға әрқашан алаңға жеңу үшін шығу қажет. Алайда, қарсыласты да бағалаған жөн. Жаттықтырушылар штабы ойыншыларға сенеді. Іріктеу кезеңінің ойындарын абыроймен өткізу үшін бар күшімізді саламыз. Қарсыластың мықты болғаны да мол тәжірибе жинауға ықпал етеді.

- Селекция жұмыстары қалай жүргізілді?

- Қазақстан Чемпионатындағы барлық ойыншы толықтай зерттеледі. Әр ойынды стадионнан тамашалап, бейнежазбаларды қарап шығамыз. Үміткерлермен толық байланыс орнатылды. Әр позицияға белсенді әрі әлеуеті зор футболшылар шақырылды.

- Шетелде ойнайтын қазақстандық футболшылардың ойынын қадағалайсыз ба? Олар ұлттық құраманың ойынын жақсарта ала ма?

- Басқа чемпионатта ойнайтын футболшылардың барлығымен тұрақты байланыс орнатылған. Жаттықтырушылар штабы футболшылардың барлық ойынын үзбей қарайды. Олардың дайындығын міндетті түрде саралаймыз. Мәселен, Аида Гайстенова Пермь қаласының «Звезда-2005», ал Юлия Мясникова мәскеулік ЦСКА командасының намысын қорғайды. Біздің құраманың қақпашысы Ирина Сандалова Украина Чемпионатында өнер көрсететін «Восходтың» қақпасын қорғайды. Шохиста Ходжашева түрік чемпионатына ауысты. Карина Жұмабайқызы өзбекстандық «Согдиана» командасының қатарына қосылды. Ресей чемпионатында 8, Украина чемпионатында 10 команда бар. Сондықтан жарыс қызығырақ өтеді, қыздардың ойын тәжірибесі де молаяды. Қазақстан чемпионатында ойын әлдеқайда аз. Жоғарыда аталған ойыншылардың барлығы талантты және еліміздің бас құрамасын күшейте алады.

- Құрамада жаңа есімдер бола ма?

- Сербиямен ойынға 20 футболшы шақырылды. Жас қақпашы Милана Бурдакова алғаш рет ұлттық құрама жейдесін кимек. Ойыншылардың арасында еліміздің бас командасына бірнеше маусым шақырылмаған футболшы бар. Ол – Тоғжан Бекпенбет. Қазір елордалық СДЮШОР №8 командасының сапында ойнайды. Қазақстан әйелдер құрамасының ойыншылары жанкүйерлерге кеңінен танымал.

- Жаңа іріктеу кезеңінде ұлттық құраманың ойын үлгісі өзгере ме?

- Өзгермейді деп ойлаймын. Менің шәкірттерім таңдалған тактиканы ұстанады. Әр іріктеу ойынына жақсы дайындық жүргізіледі. Сонымен қатар, ойын үлгісі қарсыласқа да байланысты болмақ.

 

Бөлісу
Жоғары