Ұлттық құраманың алғашқы ойыны

Ұлттық құраманың алғашқы ойыны

01 маусым 2020, 15:00
28 жыл бұрын Қазақстан ұлттық құрамасы тарихтағы алғашқы матчын өткізді.

1992 жылдың 1 маусымында қазақстандық футболшылар тәуелсіз еліміздің ұлттық құрамасының намысын қорғау үшін халықаралық аренаға алғаш рет шықты.

Бұл күні жасыл алаңға шыққан ойыншылар өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары бастау алған кеңес дәуіріндегі Қазақстан құрамасының жолын отандық футболдың жаңа тарихында жалғастырды.

Сол жылдары біздің құрама Орталық Азия Кубогына қатысты. Қазақстаннан бөлек, Өзбекстан, Түркіменстан, Қырғыз Республикасы және Тәжікстан құрамалары жарыста сынға түсті.

Қазақстан құрамасы тарихтағы алғашқы ойынын Алматы қаласындағы Орталық стадионда өткізді. Алғашқы қарсылас Түркіменстан құрамасы болды. Кездесуде біздің құраманың алғашқы голы соғылды. Жеңіс голының авторы - Владимир Нидергаус.

Гол керемет соғылды. Сол жақ жартылай қапталда тұрған Владимир Нидергаус допты бірден алыс тоғыздыққа бағыттады. Гол ойынның аяқталуына бес минут қалғанда соғылды.

Қазақстан құрамасының тарихи алғашқы жеңісі! Біздің футболшылар әрі қарай турнирде топ жарды!

Қазақстан құрамасына алғаш рет шақытур алғандар:

Виталий Кафанов, Вадим Егошкин, Асқар Әбілдаев, Сұлтан Әбілдаев, Қайрат Айманов, Сергей Анашкин, Қайрат Әубәкіров, Баян Бадағұлов, Талғат Байсуфинов, Александр Богатырёв, Руслан Дүзмамбетов, Сансызбай Жұмаханов, Мұрат Есмұратов, Ғани Қайназаров, Олег Капустников, Асқар Қожабергенов, Николай Курганский, Вахид Масудов, Андрей Мирошниченко, Қанат Мұсатаев, Юрий Найдовский, Владимир Нидергаус, Константин Павлюченко, Сергей Пасько, Анатолий Поведёнок, Александр Скляров, Қайрат Сламбеков, Виталий Спарышев, Марат Сыздықов, Евгений Сысоев, Тілеухан Тұрмағамбетов, Валерий Яблочкин.

Қазақстан құрамасы сол тарихи күннен бері 203 ойын өткізді. Біздің құраманың қарсыластарының арасында Еуропа, Азия және Африканың 67 құрамасы болды.

Қазақстан құрамасында ең көп ойын өткізген футболшы Самат Смақов. Ол еліміздің бас құрамасында 76 рет  алаңға шықты.

Қазақстан құрамасының үздік сұрмергені Руслан Балтиев. Ол 13 гол соқты.

 

Станислав Сәрсековтің материалы бойынша жазылды.

Бөлісу
Жоғары