Жеке клубтар лигасы құрылды
Қазақстан футбол федерациясының бастамасы бойынша жеке клубтардың арасында футбол лигасы құрылды. ЖКФЛ деген атау алған бұл жоба Қазақстанның шалғай аймақтарының барлығын қамтиды. Өздеріңіз білесіздер соңғы жылдары облыс орталықтарында жеке клубтар құрылып, әр жастағы балалар мен жеткіншектер жеке кәсіптік клубтарда жаттығу жасап жатыр. Демек, ел футболының елеулі бір бөлігін алып отырған бұл секторды ҚФФ өз қанатының астына алып, қолдау көрсетпекші.
Жобаны жүзеге асырушы Vista футбол клубының басшысы Александр Разинков жаңадан құрылған JKFL-дың президенті болып тағайындалса, лиганың бас хатшысы болып ҚФФ Бұқаралық, балалар мен жасөспірімдер және әйелдер футболы департаментінің директоры Ерлан Жамантаев бекітілді.
Қазақстанның 16 облысын қамтитын ірі жоба мамыр айының соңында басталып тамыз айында мәресіне жетеді. Бұл доданың тек бірінші кезеңі ғана. Аймақтағы жарыстар өтіп, іріктеуден іркілмеген командалар тамыз-қыркүйек айларында Нұр-Сұлтан қаласында өтетін финалдық кезеңге жолдама алады. Жарыс жүйесінде де ерекшеліктер бар екенін айта кетейік. Мысалы, 2011-12 жылғы балалар арасындағы жарыс "5+1" форматында өтеді. Ал 2009-10 жылғы балалар жарысы "7+1", 2007-08 жылғылар 8+1, "2005-06" жылғылардың жарысы "10+1" форматында ұйымдастырылады. Бір кәсіби жеке клубтың осы жас санатындағы 4 командасы да жарысқа қатыса алады.
Жарыс жайлы өзге де ақпараттарды инстаграмм желісіндегі @jkfl_league парақшасынан алуға болады.