Азамат Айтқожин: «Жақын арада VAR жүйесін іске қосамыз»
- Азамат Серікұлы, осы жақында ғана Сіз УЕФА конгресіне қатысып келдіңіз. Еуропалық футбол қауысдастығының жиынында Суперлигаға байланысты қабылданған шешім жайлы айта кетсеңіз.
- Иә, Швейцарияның Монтре қаласында УЕФАның 45-конгресі өтті. Онда елден ерекшеленіп бөлек жарыс ұйымдастырмақшы болған клубтардың бастамасы мақұлданбады. Қауымдастықтардың барлығы бір ауыздан қарсы дауыс берді. Суперлиганы ойлап тапқан клубтар өздерінің қай ұйымнан өсіп-өніп шыққандарын ұмытпауы тиіс. Үй ішінен үй тігу құптарлық іс емес. Мұндай турнир ішкі біріншіліктерге зияны тиіп кетуі әбден мүмкін. Себебі, ортаңқол және осал ұжымдардың жарысы біртіндеп қызығушылығынан айырылып қалуы ықтимал. Жанкүйерлер қоғамы да бұл бастаманы теріс деп шықты. Қазақстан футбол федерациясы УЕФАдағы өзге әріптестері секілді жаңа жобаға қарсы көзқарасын білдірді.
- Әдетте мұндай жиын кезінде күн тәртібіне қойылған сауалдардан бөлек өзге де қауымдастықтар арасындағы байланыстың да орнап кететінін білеміз. Сіз өзге елдердің федерацияларымен келіссөздер жүргіздіңіз бе?
- Әлбетте, мұндай басқосулар біз үшін таптырмайтын мүмкіндік. Әртүрлі қауымдастықтардың басшыларымен жүзбе-жүз пікір алмасып, байланысымызды нығайттық. Себебі, локдаунға байланысты біз біршама уақыт жиналмадық қой. Осы тұрғыда айта кетуіміз керек, УЕФА бұл іс-шараны медициналық жағынан өте жоғарғы деңгейде өткізді. Оның кейбір тұстарын өзімізге түртіп алдық десек те болады. Ал келіссөздер жайлы айтар болсам, біз Роберто Розеттимен кездестік. Ол қазір УЕФА төрешілер алқасының төрағасы. ҚФФның төрешілік ету мәселесінде даму қажет екенін мойындаймыз. Отандық төрешілер алқасының жұмысына баға беріп, оны УЕФА талаптарына сәйкес етуге бар күшімізді саламыз.
Федерация әлемдік тәжірибиені ұстанып келе жатыр. Мысалы біз төрешілік ету және инспекциялау комиссиясының жұмысын жасырмаймыз. Олардың шығарған шешімдері мен өткізген талқылау жұмыстарын өзіміздің сайттарға, әлеуметтік желілерге саламыз. Оны өзге де БАҚ өкілдері жариялап жатады. Десе де, атақты төрешілердің көмегі бізге еш артықшылық етпейтінін түсінеміз. Сондықтан да, мен Розетти мырзаға бірлесіп жұмыс істеу жобасын ұсындым. Ол кісі бізге жақсы маман таңдауға көмектесетінін жеткізді. Себебі, Қазақстан біріншілігіне VAR жүйесін қондырғымыз келеді. Біз қазір бұл жүйенің сертификациясын күтіп отырмыз. Федерацияға VAR жүйесін қондырып, іске қосып үлгерген елдердің тәжірибиесі еш сөкеттік қылмайды.
- Демек, жақын арада ҚФФға төрешілік ету корпусына шет елден жаңа басшы келуі мүмкін бе?
- Ондай жағдайды да ескергеніміз жөн. Қазақстан футбол федерациясы алдына айқын мақсат қойып отыр. Ол ел футболына VAR жүйесін қондыру. Барлық стадионда бірдей қызмет ететін жүйе болуы үшін қаржылық мәселесін де шешіп алғанымыз дұрыс. Сол кезде тәжірибиесі толысқан маманның арамызда болғаны артықтық ете қоймас.
- VAR жүйесін қай уақытта іске қосамыз деп жоспарлап отырсыздар?
- Біз жүйелі түрде жұмыс істеп, VAR жүйесін іске қосып бере алатын серіктесті де тауып қойдық. Олар бізге отандық телеөнім жасайтын компаниямен бірлесіп бейнеқайталау нобайын ұсынады. Сонымен қатар, FIFA осы жақында ғана VAR Light жобасын іске қосты. Онда телекөрсетілімге жалғанбаған камераны да бейнеқайталау үшін пайдалануға болады екен. Біз осы жобаны Қазақстанға әкеліп, тексеруден өткізіп беруін өтіндік. Сосын, FIFA осы жүйені қоюға рұқсат еткен Slomo.tv компаниясымен де байланысқа шықтық. Сондықтан да, алдағы уақытта VAR Light жобасы еліміздің стадиондарына орнатыла бастайды.
- Осы жиынды пайдаланып өзге федерациялармен жолдастық матч бойынша да келіссөздер жүргізген шығарсыз. Қазақстан құрамасының іріктеу тобында осы жолы 5 қана команда ғой. Демек, бос уақыт табылып қалуы тиіс дегендей...
- Иә, әрине, мұндай мүмкіндікті пайдаланып бірнеше федерация басшысымен келіссөздер жүргіздік. Футбол әлемі күн санап дамып бара жатыр. Жолдастық матчтардан бөлек, өзге де жобаларға байланысты серіктестік орнатып қайттық. Оған қоса айта кететін болсам, осы жақында ғана біз түркітілдес мемлекеттер арасында меморандумға қол қойдық. Халықаралық қатынастарымызды реттеп, жан-жақты дамығымыз келеді. Сондықтан да, көптеген елдермен байланысымызды нығайтып алдық.
- Маусым басында «Түркістан Арена» стадионы ең көп талқыланған футбол нысанына айналды. Су жүргізу жүйесінің жоқтығына қарамастан бұл стадион ішкі біріншілік өткізу құқығын қалай алған?
- Стадионның пайдалануға берілген алғашқы айында мұндай оқиғаның болуы таңқаларлық жағдай емес. Дегенімен, алдағы уақытта бұл мәселе шешіледі. Бұл арена өте қысқа мерзімде салынған нысан. Бұл дамуға бет алған жаңа аймаққа жасалған сыйлық ретінде салынған стадион. Бір қызығы, құжат бойынша бұл стадионның ішінде дренаж жүйесі орнатылған. Егер ол болмаса онда ойындарды өткізуге рұқсат бермес едік. Ал жасыл алаңы осымен екінші мәрте төселініп отыр. Алғашқы табиғи жасыл алаң дұрыс орнықпай, амалсыз өзгеріске ұшырады. Сосын артынша табиғи жасыл алаң төселініп, өте сапалы болып шықты. Қазір еліміздегі стадиондардың ішінде ең мықты жасыл алаңға айналып отыр. Бірақ, жаңадан төселген құм суды дренаж жүйесіне дейін жібермей ұстап қалып отыр. Бұл уақыт еншісіндегі сұрақ. Аздаған уақыттан кейін құм су жіберіп, дренаж жұмысы іске келтіріледі. Біз де өз тарапымыздан керекті нұсқаулықтар беріп, жасыл алаң сапасын қадағалап жүрміз.
- Қазақстан құрама командасы іріктеу жарысын жақсы бастады. Сырт алаңда Украинадан ұпай тартып алды, Франциямен болған матчта абыройлы ойын өрнегін көрсетті. Ұлттық құрама алдында қандай мақсат тұр?
- Алғашқы матчтарда Қазақстан құрамасының футболшылары көк туымыз үшін алаңда жанын беруге тырысып жүргенін күллі жанкүйер көрді. Тіпті, Әлем чемпионымен де қорықпай ойнауға болатынын көрсетті. Ал Украинадағы ойында командамыз рухын оятып, намысқа тырысты. Соның арқасында қоржынымызға маңызды 1 ұпай түсті. Сонымен қатар, осы матчтарда бас бапкер Талғат Байсуфинов бірнеше мықты ойыншысын алаңға шығара алмағанын да ұмытпауымыз керек. Десе де, бапкерлік штабтың жасаған жұмысы өте сапалы болды. Басты командаға біртіндеп жас футболшылар шақыртылып жатыр. Олар қазірден бастап ұлттық құраманың атмосферасын сезініп, халықаралық ойындардың дәмін татқаны жөн. Ал топ ішіндегі мақсатқа келер болсақ, мақсатымыз өте биік – Әлем чемпионатына жолдама алу. Әлбетте қазір бұл мақсатымыз тым асқақ та шығар, алайда әр матчқа жеңеміз деп шықпасақ, онда футбол ойнаудың не маңызы бар?! Аяқдопшыларымыздың ұмтылысы мен тәртібіне біз еш күмәнданбаймыз. Құрамамыз гол салатын мүмкіндіктерді жасай беретіні анық, бірақ соны уыстан шығармау маңызды.