Тарихи жеңіс! Қазақстан құрамасы Әлем чемпионатының ширек финалына шықты!

Тарихи жеңіс! Қазақстан құрамасы Әлем чемпионатының ширек финалына шықты!

24 қыркүйек 2021, 07:01
Литвада өтіп жатқан футзалдан Әлем чемпионатының 1/8 финалында Қазақстан құрамасы Азияның азулы ұжымдарының бірі Тайланд командасымен кездесті.

Әлем чемпионатында оңай ойын болмайтыны айдан анық еді. Топтың кезеңде топ жарған Қазақстан құрамасының ойынына күмәнмен қарағандар да болды. Оның үстіне Тайланд құрамасы да дүбірлі дода ширақ ойынымен көзге түскен. 

Алайда, Рикардо Кака шәкірттері плей-оффтың алғашқы ойынында қарсыласты оңдырмай ұтты. Ең алдымен ұлттық құраманың ең нәтижелі ойыншысы Дәурен Тұрсағұлов өкшесімен гол соғып, есеп ашты. Әрі қарай ойын тізгінін Қазақстан құрамасының қорғаушысы Дуглас Жуниор қолға алды. Оның бағыттаған екі соққысы қақпа торынан табылды. Екінші голы қарсыластың ойыншысына жазылды. Автогол. Үзіліс. 3:0. Қазақстан құрамасының ойынын қарсылас тоқтата алар емес. 

Екінші таймда шабуылда шаруа бітіре алмаған Тайланд құрамасы қақпашысын бесінші ойыншыға ауыстыруға мәжбүр болды. Қазақстан құрамасы да осы сәтке арнайы дайындалғандай. Бос қақпаға Тайнан төртінші допты соғып, кейін Дәурен Нұрғожиннің гол соғуына жағдай жасады. 

Алтыншы голдың авторы - Арнольд Кнауб. Ол соққан голын сүйген жарына арнап, әдемі тойлап өтті. Гол соғудың кезегі қақпашыға жетті. Капитан Игита да бос тұрған қақпадан мүлт кетпеді. Өз қақпасын аман сақтап қалған Игитаның голын күткен жанкүйерлер қарасы көп еді. Қорытынды есеп - 7:0!

Жанкүйерлердің қуанышында шек жоқ! Тарихи сәт! Қазақстан құрамасы бұрын-соңды Әлем чемпионатының ширек финалына шықпаған. Бұл жолы мақсат орындалды. Біздің жігіттер жарқын жеңіспен келесі кезеңге қадам басты. Плей-офф кезеңінде ірі жеңіске жеткендер санаулы. Бас бапкер Рикардо Кака да ойыншыларының сапалы ойын көрсеткеніне мәз. 

Ұлттық құрама әлемнің үздік сегіздігінің қатарына енді. Жаһанда екі жүзден астам ел бар екенін ескерген де жөн. Басты міндеттің бірі орындалды. Әрі қарай ойыншылардың асқақ арманы бар. Биік шыңды бағындыру!
 

Бөлісу
Жоғары