Жастар құрамасы жеңіске жете алмады

Жастар құрамасы жеңіске жете алмады

12 қазан 2021, 20:25
21 жасқа дейінгі Қазақстан құрамасы 2023 жылғы Еуропа Чемпионатының іріктеу ойынында өз алаңында Түркия жастарын қабылдап, 0:1 есебімен жол берді.

Қайрат Нұрдәулетов шәкірттері ойынды жылдам қарқынмен бастаған. Алайда, алғашқы екі қауіпті соққыны Түркия футболшылары жасады. Кейін Еркебұлан Сейдахметтің шығарған тамаша пасын Лев Скворцов шабуылшы Абылайхан Жұмабекке жеткізе алмады. Алғашқы таймда ойын тең болғанымен, қарсыластың қақпаға бағыттаған соққылары саны әлдеқайда артық болды. Сондай сәттердің бірінде біздің қорғаушылар Энис Дестаннан көз жазып қалды - 0:1. 

Үзілістен кейін Қазақстан жастар құрамасы ойын үстемдігін қолға алып, таразы басын теңестіруге ұмтылды. Жасыл алаңда Арман Кеңесов пен Еркебұлан Сейдахмет белсенді қимылдады. Ойын соңына қарай Қайрат Нұрдәулетов алаңға Вячеслав Швыревті қосты. Қарағанды қаласының «Шахтер» стадионына жиналған жанкүйерлер күннің салқындығына қарамастан қызу қолдау көрсетті. Алайда, біздің футболшылар соңғы минутқа дейін гол соғудың жолын таба алмады. 

Қазақстан жастар құрамасы келесі ойынын сырт алаңда 12 қараша күні Шотландиямен өткізеді. Ойынды Данди қаласы қабылдайды. 

Қазақстан U-21 – Түркия U-21 – 0:1

Гол: Энис Дестан 27

Ескерту: Сұлтан Сағынаев 25, Дінмұхаммед Қашкен 40, Арман Кеңесов 55 – Эрен Эльмали 35, Умут Гюнеш 42

Қазақстан U-21: Данил Устименко, Сағи Совет (Нұрберген Нұрбол 84), Дінмұхамед Қашкен, Әділбек Жұмаханов, Жалғас Жақсылықов, Лев Скворцов, Сұлтан Сағынаев, Елхан Астанов, Арман Кеңесов, Еркебұлан Сейдахмет, Абылайхан Жұмабек (Вячеслав Швырёв 81);

Түркия U-21: Эрсин Дестаноглу, Эрен Эльмали, Дженк Эзкачар, Сердар Саатчы, Бюньямин Балджы, Умут Гюнеш, Али Каан Гюнерен (Барыш Йылмаз 90+3), Гекдениз Байракдар (Картал Йылмаз 64), Эркан Эйибиль (Эмер Беяз 82), Тиаго Чукур, Энис Дестан (Мухаммед Гюмюшкайя 90+3);

12.09.2021. Қарағанды. «Шахтер» стадионы. 1246 жанкүйер. 

Бөлісу
Жоғары