Рикардо Кака: «Мұндай турнирде жеңіл топтар болмайды»

Рикардо Кака: «Мұндай турнирде жеңіл топтар болмайды»

19 қазан 2021, 00:02
Ұлттық құрама жарты жыл ішінде екі ірі турнирге қатыспақ.

Футзалдан Қазақстан құрамасының бас бапкері Пауло Рикардо Кака Еуропа чемпионатының топтық кезеңінің жеребесі туралы пікір білдірді.

Айта кетейік, Қазақстан құрамасы В тобында Италия, Словения және Финляндия құрамасымен күш сынасады.

- Еуро-2022 турниріндегі барлық топтар мықты деп ойлаймын. Әлсіздер жоқ. Барлық 16 команда жақсы деңгейде. Мұндай турнирде жеңіл топтар болмайды. Бірінші матч Словениямен өтеді. Олармен әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде ойнадық. Бұл техникалық жағынан мықты және қуатты команда. Сонымен қатар Дуглас бұл кездесуге қатыса алмайды, өйткені ол өткен Еуропа чемпионатының соңғы матчында алаңнан қуылды.

Финляндияға келетін болсақ, олардың басқалар сияқты шеберлігі жоқ, бірақ бұл дайындалған және атлетикалық команда.

Италия құрамасында буын алмасу процесі жүріп жатыр. Егер бұрын Италияда онға жуық бразилиялықтар ойнаған болса, қазір олардың құрамында италиялықтар көп. Бұл өте жақсы команда.

- Еуро-2022-ге дайындық қашан басталатыны белгілі болды ма?

- Біз дайындықты 3 қаңтарда бастаймыз. Сондай-ақ жолдастық кездесулерді 13 және 15 қаңтарда өткізуді жоспарлап отырмыз. Қарсыластармен алдын ала келісім бар.

- Жарты жыл ішінде құрама екі ірі турнирге қатысады. Бұл физикалық және эмоционалды тұрғыдан қаншалықты қиын? 

- Әрине, қиындықтар бар, өйткені күнтізбе өте тығыз. Алайда біз бұл фактор біздің пайдамызда болатындай етуіміз керек. Мақсат - қиындық туралы ойланбай, паркетке шығып, әр ойында жеңіске жету.

Бөлісу
Жоғары