Қазақстанның Еуропа футболындағы жиырма жылы

Қазақстанның Еуропа футболындағы жиырма жылы

22 сәуір 2022, 16:00
Қазақстан футболы күні қарсаңында Қазақстан футбол федерациясының баспасөз қызметі отандық футболдың Еуропалық футбол қауымдастықтарының одағының құрамындағы ең маңызды 20 деректі назарларыңызға ұсынады:

2002 жылдың 25 сәуірінде Стокгольмде өткен УЕФА Конгресінде Қазақстан Еуропалық футбол қауымдастықтарының одағының құрамына қабылданды. 

2002 жылдың 7 шілдесінде Алматыда УЕФА аясында алғашқы жолдастық матч өтті. Эстония құрамасы қарсылас болып, ойын 1:1 есебімен аяқталды. Қазақстан құрамасынан Олег Литвиненко гол соқты.

2002 жылдың 17 шілдесінде еурокубок ойындарына алғаш болып «Жеңіс» қатысты. Елордалық команда Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде молдовалық «Шерифпен» ойнады. Еуропалық клубтық турнирдегі алғашқы голды жартылай қорғаушы әрі капитан Евгений Ловчев соқты. 

2003 жылдың 16 шілдесінде алматылық «Темір жолы» әйелдер командасы УЕФА кубогындағы алғашқы ойынын өткізіп, алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Қазақстандық қыздар Уэльстің «Кардифф Сити» командасын 1:0 есебімен ұтты. Кездесу тағдырын шешкен жалғыз голды 2002 жылы үздік ойыншы атанған Мария Ялова еншісіне жазды. 

2003 жылдың 24 тамызында Мария Ялова Қазақстан құрамасының УЕФА аясындағы алғашқы ресми голын соқты. Еуропа чемпионатының іріктеу турниріндегі алғашқы ойын Пярну қаласында Эстонияға (2:3) қарсы өтті. 

2004 жылдың 8 қыркүйегінде Қазақстан ұлттық құрамасы әлем ченмпионатының іріктеу турнирінде алғашқы ойынында өз алаңында Украинаны (1:2) қабылдады. Ресми ойындағы алғашқы голды команданың жартылай қорғаушысы, бүгінгде Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкерінің міндетін атқарушы Андрей Карпович соқты. 

2007 жылдың 24 наурызында Алматы қаласының Орталық стадионында Қазақстан құрамасы УЕФА құрамындағы алғашқы жеңісті тойлады. EURO-2008 іріктеу турнирінде қазақстандық футболшылар Сербия құрамасын 2:1 есебімен жеңді. Біздің жігіттердің арасынан Қайрат Әшірбеков пен Нұрбол Жұмасқалиев көзге түсті.

2007 жылдың шілдесінде «Тобыл» футбол клубы отандық клубтардың арасында алғашқы еурокубок иегері атанды. Қостанайдық команда УЕФА Интертото кубогының барлық үш айналымынан сүрінбей өтіп, турнирде топ жарды.

2009 жылдың 3 шілдесінде Астанада жаңа футбол стадионының ашылу рәсімі өтті. Заман талабына сай келетін «Астана Арена» стадионына 30 мың жанкүйер сыяды. Тұсаукесер ойынға Андрей Шевченко, Каха Каладзе, Хасан Шаш және Хакан Шүкір сында әлем футболының жұлдыздары қатысты. 

2011 жылдың 13 желтоқсанында Қазақстан футбол федерациясы УЕФА төрешілер конвенциясының толыққанды мүшесі болды. 

2013 жылы қарағандылық «Шахтер» Еуропа лигасының топтық кезеңіне жолдама алып, еурокубок турнирлерінде қазақстандық клубтар арасында алғашқы команда атанды.

2013 жылы алматылық «Қайрат» футзалдан УЕФА Кубогында алғаш рет жеңімпаз атанды. Какау шәкірттері бұл жеңісін екі жылдан соң атақты «Барселонаны» (3:2) ұтып қайталады. 

2014 жылдың 27 наурызында Астанада өткен УЕФА-ның кезекті XXXVIII Конгресінде еуропа ұлттық қауымдастықтарының президенттері Ұлттар лигасы жаңа турнирін құру идеясын толық қолдады.

2015 жылы «Астана» футбол клубы Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шыққан алғашқы қазақстандық команда атанды. Станимир Стоилов командасы екі  ойынның қорытындысы бойынша кипрлік АПОЭЛ-ден басым түсті – 2:1 (үйде - 1:0, сыртта - 1:1). Топтық кезеңде қазақстандық команданың қарсыластары португалиялық «Бенфика», испаниялық «Атлетико» және түріктің «Галатасарайы» болды.

2016 жылы Сербияда өткен футзалдан Еуропа чемпионатында Қазақстан құрамасы қола жүлдені жеңіп алды. Үшінші орын үшін өткен кездесуде біздің жігіттер алаң иелерін 5:2 есебімен ұтты. Біздің құрама Еуропа чемпионатының финалдық кезеңіне алғаш рет қатысқанын айта кеткен жөн.

2016 жылдың қазанында шымкенттік «БИІК-Қазығұрт» әйелдер арасында Чемпиондар лигасының 1/8 финалына шыққан алғашқы қазақстандық команда атанды. Калоян Петков командасы 1/16 финалда италиялық «Веронаны» екі ойынның қорытындысы бойынша ұтты – 4:2. 

2018 жылы елорда жүрегінде Қазақстан футбол федерациясының жеке кеңсесі – Футбол үйі ашылды. УЕФА-ның қаражатына толыққанды алаңы бар заманауи жабық футбол кешені де салынды. 

2019 жылдың 8 қыркүйегінде жағажай футболынан Қазақстан құармасы Еуролиганың «В» дивизионында күміс жүлде жеңіп алды. Біздің құрама шешуші ойында Әзербайжанға есе жіберді. 

2021 жылдың қыркүйегінде Қазақстан құрамасы алғаш рет футзалдан әлем чемпионатының жартылай финалында шықты. Қазақстан ширек финалда Ираннан жеңісті жұлып алды – 3:2. Әлемнің үздік төрттігінде Қазақстанмен қатар Португалия, Аргентина және Бразилия болды. 

2022 жылы Нидерланд елінде өткен футзалдан Еуропа чемпионатының үздік сұрмергені атағын Қазақстан құрамасының ойыншысы Біржан Оразов иеленді. Ұлттық құраманың көшбасшысы турнирдегі төрт ойында жеті гол соқты. Финляндия, Италия және Украина құрамаларының қақпаларына қос-қостан гол соқса, тағы бір мәрте Словения қақпашысын сан соқтырды.  

Мақтан тұтарлық нәтижелер де бар, Қазақ футболының жарқын жеңістерін тойлайтын күн алыс емес деп сенеміз!

Бөлісу
Жоғары