Магомед Адиев: «Аз сөйлеп, көп іс тындырғанымыз дұрыс»

Магомед Адиев: «Аз сөйлеп, көп іс тындырғанымыз дұрыс»

04 маусым 2022, 00:31
Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Магомед Адиев ойыннан соң тілшілер сауалына жауап берді. 

- Ойынның басы біз үшін жаман болған жоқ. Біз допқа көп иелік етіп, ойынды өз бақылауымызда ұстадық. Бірақ 25-минуттан кейін көп қателесіп, концентрацияны жоғалтып алдық. Нәтижесінде қарсыласымыз қауіпті шабуылдар жасап, ойын тізгінін өз қолдарына алды. Жасаған ауысымымыз өз нәтижесін беріп, ойынымыз жақсара түсті. Ал екінші таймды өз пайдамызға шештік. 

- Әзербайжан құрамасының бас бапкері Қазақстанның жолы болғанын айтты. Бұл пікірмен келісесіз бе? 

- Әзербайжан бапкері матчқа дейін де, кейін де көп әңгіме айтты. Бірақ біз аз сөйлеп, көп жұмыс істейтін командамыз. 

- Командаңыздың көрсеткен ойын мәнеріне көңіліңіз тола ма? 

- Толықтай қанағаттанбадым. Ойынды жақсылап талдасақ, түзетуді қажет ететін эпизодтарды байқаймыз. Бұған дейін айтқанымдай, бірінші таймның соңы біз үшін сәтсіз болды, дегенмен үзіліс кезінде түзетулер енгізіп, екінші таймда бар мәселенің шешімін таптық. Алда Словакияға қарсы өтетін сырт алаңдағы матч күтіп тұр. Оңай болмайтыны анық, бізге аздап өзгеріс жасау қажет. Бұл матчқа арналған жоспарымыз да жоқ емес. Қарсыласқа қиындық тудыру үшін схемаға да аздап өзгеріс енгіземіз. 

- Бауыржан Байтананы ойынға ене алмағандықтан ауыстырдыңыз ба? 

- Олай айтпас едім. Бауыржанның ойын тағдырын шеше алатын, қауіпті шабуылдар ұйымдастыра алатын ойыншы ретінде көргіміз келеді. Үзіліс кезінде ойынға динамика енгізіп, қарқынды арттырғымыз келді. Оразов "қара жұмысты" жақсы атқарады. Мұны ойын элементі дегеніміз дұрыс болады. 

- Беларусь құрамасының негізгі ойыншылары командаға келуден бас тартты. Оның үстіне олар өз алаңындағы матчтарын Сербияда жанкүйерлерсіз өткізеді. Осы жағдайды ескерсек, Сіздің Словакиямен болатын ойынға әлсіз құрамды шығарып, негізгі күшті Беларусь құрамасына жұмсау туралы жоспарыңыз бар ма? 

- Олай жасамаймын. Біз ұлттық құрамамыз. Мұнда ел біріншілігіндегі үздік ойыншылар жиналған. Оларға: "Бұл ойында жүгірмей-ақ қойыңдар, бар күшті келесі матчқа саламыз" деп қалай айтамын?! Словакиямен ойында қандай нәтиже тіркелетінін білмеймін. Жеңіс үшін күресетін боламыз. Беларусь құрамасының ойыншылар тізімін әлі көрген жоқпын. Біздің де мықты футболшыларымыз алдағы матчтарда көсектесе алмайды. Біз ел намысын қорғап жүргендіктен, әр кездесуде барымызды салуға тырысамыз.

Бөлісу
Жоғары