ҚФФ мен Сәкен Сейфуллин атындағы ҚазАТУ меморандумға қол қойды
Тараптар ортақ жобаларды жүзеге асыру арқылы елдегі футболды дамыта отырып, өзара ынтымақтастықты нығайтуға күш салмақ. Сонымен қатар футбол менеджментінің деңгейін көтеру мақсатында білім беру курстары мен семинарлар ұйымдастыру көзделіп отыр.
Келісімнің басым бағыттарының бірі футбол мамандарына білім беру. Оның ішінде менеджерлер мен бапкерлерді оқыту, сондай-ақ футбол алаңдарын дайындайтын мамандарды даярлау. Осы мақсатта Қазақстан футбол федерациясы Сәкен Сейфуллин атындағы ҚазАТУ-нің студенттеріне С және D бапкерлік лицензиясын алуға мүмкіндік бермек.
Сәкен Сейфуллин атындағы ҚазАТУ-нің үлкен тарихы бар. Институт үш факультеттен ауыл шаруашылығы саласында көптеген мамандар даярлайтын үлкен зерттеу орталығына айналды. Бүгінде жоғары оқу орнында еліміздің түкпір-түкпірінен студенттер білім алып жатыр. Жыл сайын 3000 түлек білім ордасын тәмамдайды.
«Футбол – ең үлкен бұқаралық спорт түрі. Сол себепті мемлекет пен қоғамға әлеуметтік және экономикалық артықшылықтар береді. Бүгінгі таңда футбол мамандары тапшы екені жасырын емес. Футбол менеджерлері мен бапкерлер, сонымен қатар футбол алаңдарына жауапты қызметкерлер қажет. Осы позициялардың орнын нығайту үшін білім ордасымен ортақ жұмыстар атқарамыз» – деді Ә.Барменқұлов.