ҚФФ және AlmaU футбол менеджерлеріне арналған білім беру курстарын бастайды
Меморандумның негізгі мақсаты – футболды халық арасында насихаттау, сондай-ақ футбол индустриясындағы менеджменттің біліктілігі мен құзыреттілігін арттыру.
ҚФФ президенті Әділет Барменқұлов Қазақстан футболының даму стратегиясына сәйкес 2026 жылға қарай футбол саласында 3000 жаңа кадр даярлау қажеттігін атап өтті.
«Футбол кадрларының құзыреттілігін арттыру және даярлау Қазақстан футболының даму Стратегиясының басты мақсаттарымыздың бірі болып саналады. Стратегиямызды іске асыруға күш сала алатын футбол менеджерлерінің санын арттыру қажет. Біздің міндеттеріміз – клуб директорларын, сондай-ақ клубтардың спорттық және коммерциялық менеджерлерін даярлау. Бұл отандық футболдың деңгейін көтеріп қана қоймай, оның бизнес-индустриясын құруға көмектеседі. Біздің ынтымақтастығымыз басты міндеттерді іске асыру үшін үлкен қадам болмақ», – деп атап өтті Әділет Назарбайұлы.
Келісім аясында футбол менеджерлеріне арналған білім беру курстары мен бағдарламаларын іске қосу жоспарланған. Оқыту төрт бағдарламадан тұрады, оның біріншісі 2023 жылдың наурыз айында басталады.
Бағдарламалардың спикерлері Almaty Management University тәжірибелі оқытушылары, футбол индустриясының мамандары, сондай-ақ УЕФА спикерлерін қоса алғанда, AlmaU және ҚФФ серіктестері болады.
Almaty Management University ректоры Гүлнара Куренкеева жас мамандар үшін біліктілік алудың, сондай-ақ оларды одан әрі жұмысқа орналастырудың маңыздылығын атап өтті.
«Қазақстан футбол федерациясына біздің бастамамызды қолдағаны үшін алғыс білдіремін. Жүйеде өзгерістер прогрестің қозғалтқышы болған кезде пайда болады. Біз бұл нәтижеге бірге қол жеткізе алатынымызға сенімдімін. Кәсіби кадрларды даярлау және жүйені кәсіби басқаруға көшіру – бұл біз 35 жыл бойы істеп келе жатқан нәрсе. Біздің серіктестеріміз Coventry University, Cintana Education, Kedge Business school, Istanbul Bilgi University, Arizona State University сияқты танымал, шетелдік университеттердің мамандарын білім беру курстарына дайындауда спикерлер ретінде шақыруды жоспарлап отырмыз. Біз Қазақстан футболын дамыту стратегиясын іске асыру үшін қолдау көрсетуге дайынбыз», – деді Гүлнара Куренкеева.
Білім белу курсынан өту үшін осы сілтеме арқылы өтініш қалдыруларыңызға болады.