Аягөз орталық стадионы «ALAÑ» жобасы аясында қайта жөндеуден өтті

Аягөз орталық стадионы «ALAÑ» жобасы аясында қайта жөндеуден өтті

25 қыркүйек 2024, 16:32
Қазақстан футбол федерациясы «ALAÑ» жобасының жүзеге асырылуын жалғастыруда. Ауқымды модернизация жұмыстары Аягөз орталық стадионында өз мәресіне жетті. Бүгін италиялық сападағы халықаралық талаптарға сай жаңа футбол алаңының тұсауы кесілді.

Салтанатты іс-шараға Абай облысы әкімінің орынбасары Әділбек Мұсабаев пен ҚФФ президенті Әділет Барменқұлов қатысты. Жергілікті тұрғындар нағыз футбол мерекесінің куәгері болды, ал жобаның амбассадоры және ұлттық құраманың бас бапкері Станислав Черчесов балаларға ашық жаттығу өткізіп, қолтаңбалар мен сыйлықтар берді. Сондай-ақ, Аягөз бен Семей командаларының жас тәрбиеленушілері арасында жолдастық ойын ұйымдастырылды. Айта кетейік, жаңа футбол алаңында Аягөз спорт мектебінің 300-ден астам жас футболшылары жаттығады.

«Бұл стадион спорттық инфрақұрылымның дамуының керемет үлгісі және жас футболшыларға тосынсый. Аягөз тұрғындарының атынан ҚФФ президенті Әділет Барменқұлов пен ұлттық құраманың бас бапкері Станислав Черчесовке алғыс айтқым келеді. Стадионның қайта жаңғыртуы қаламыздың даму барысындағы үлкен қадам. Бұл алаң біздің спортшыларымыздың жаңа жетістіктерінің бастауы болатынына үміттіміз», - деді Абай облысы әкімінің орынбасары Әділбек Мұсабаев.

Бұқаралық спортты дамытуға бағытталған Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында 2023 жылы Қазақстан футбол федерациясы елімізде футбол алаңдарын қайта жаңартатын ALAÑ бағдарламасын енгізді. Үш жылға арналған бағдарлама УЕФА-ның қолдауымен жүзеге асырылады. Жобаның басты серіктесі - 1XBET букмекерлік компаниясы. Жобаның басты мақсаты - футбол инфрақұрылымын дамытып, бұқаралық футболды дамытуға жағдай жасау.

«Біздің мақсатымыз стадионда тек алаңды жаңғырту емес, сонымен қатар бұл жерде ауқымды жарыстарды өткізу. Бастысы - бұқаралық спорт халыққа қолжетімді болу керек. Біз бірінші кезекте моноқалалардағы спорттық инфрақұрылымды жақсартуды көздейміз. Аягөз – таланттар мекені және осы өңірден болашақта танымал қазақстандық футболшылар болатынына сенімдімін», - деді ҚФФ президенті Әділет Барменқұлов.

Жалпы ALAÑ жобасы бойынша 2023-2025 жылдары республикамыздағы 20 футбол алаңын жаңарту жоспарда бар. Бұған дейін елімізде Ақтөбе, Алматы, Шымкент, Петропавл қалалалары мен Жетісу облысындағы алаңдар қолданысқа берілген болатын. Келесі алаңның ашылуы 26 қыркүйек күні Өскемендегі «Восток» cтадионында жоспарланған.

 

Бөлісу

Жаңалықтар

Жоғары