Балқаш балалары ҚФФ өңдеген жаңа алаңда доп тебеді
Салтанатты ашылуға Балқаш қаласының әкімі Сапар Сатаев, Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұлов және футбол ардагерлері қатысты. Сонымен қатар іс-шарада жобаның амбассадоры – ұлттық құраманың экс-капитаны Самат Смақов балалармен ашық жаттығу өткізіп, қолтаңба берді. Сондай-ақ, жас футболшылар ҚФФ мен жоба серіктестерінен сыйлық та алды.
«Мемлекет басшысының балалардың спортпен айналысуына жағдай жасап, халқымыздың денсаулығын жақсарту жайлы тапсырмасы бар. Сондықтан біз басты назарды бұқаралық спортқа аударуымыз керек. Бұқаралық футболсыз кәсіби футбол да дамымайды. Біздің басты мақсатымыз – Қазақстанда осындай алаңдарды ашып, бұқаралық футболды дамыту. Алдағы уақытта балалар орталығы, академия ашып, футболымыздың деңгейін көтеру бойынша жоспарымыз бар», - деді ҚФФ президенті Әділет Барменқұлов.
Бұқаралық спортты дамытуға бағытталған Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында 2023 жылы Қазақстан футбол федерациясы елімізде футбол алаңдарын қайта жаңартатын «ALAÑ» бағдарламасын енгізді. Үш жылға арналған бағдарлама УЕФА-ның қолдауымен жүзеге асырылады. Негізгі мақсат - футбол инфрақұрылымын дамытып, бұқаралық футболды дамытуға жағдай жасау.
Айта кетейік, «Металлург» стадионындағы жасыл алаңының жөндеу көрмегеніне 17 жыл болды. Енді «ALAÑ» жобасы арқасында италиялық сападағы төсеніш төселді. Алаңның сапасын Балқаш қаласы мен «Қазақмыс» компаниясының ардагерлері тексеріп, жолдастық ойын өткізді.
«Қала басшылығы мен Балқаш тұрғындары атынан Қазақстан футбол федерациясына алғысымызды айтамыз. Бұл сыйлықты жас футболшыларымыз бен ересек әуесқой спортшыларымыз лайықты түрде бағалайды деп сенемін. Заманауи кешен бұқаралық спортты дамытуға жақсы серпін беріп, спорттық рух пен шеберлікті тәрбиелейді», - деп Балқаш қаласының әкімі Сапар Сатаев ойымен бөлісті.
Жалпы «ALAÑ» жобасы бойынша 2023-2025 жылдары республикамыздағы 20 футбол алаңын жаңарту жоспарда бар. Бұған дейін елімізде Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Петропавл, Өскемен, Аягөз, Ақсу қалалалары мен Жетісу облысындағы алаңдар қолданысқа берілген болатын. Ал келесі аптада Жезқазған қаласында кезекті алаң берілу жоспарда бар.