Йозеф Климент: УЕФА мен ҚФФ арасындағы ынтымақтастық пен байланыс айтарлықтай жақсарды
«Жазда Еуропаның назары Германияға ауды, себебі ол жерде Еуро-2024-тің финалдық кезеңі өтті және ол ерекше есте қаларлықтай болды. Чемпионат ұйымдастыру және спорттық тұрғыдан сәтті аяқталып, УЕФА 2 миллиард еуродан астам пайда тапты. Осы маусымнан бастап УЕФА клубтық жарыстарда жаңа формат пен қаражат бөлу жүйесін енгізді, бұл жүйе еуропалық футболдың негізгі құндылығы – ынтымақтастықты күшейтуге бағытталған.
Футболдан түскен қаржылар футболға қайтып оралады: олар ұлттық қауымдастықтарға немесе клубтарға бөлінеді. Біз бұл механизмнің біздің тамаша ойынымызды УЕФА-ның 55 мүшесінің барлығында одан әрі дамытуға және өркендетуге ықпал ететініне сенімдіміз. Олардың қатарында белсенділігімен ерекшеленетін Қазақстан футбол федерациясы да бар.
Сіздердің стратегиялық жоспарларыңыздың сәтті жүзеге асырылуы футболдың барлық саласын дамытуға бағытталған – бұқаралық және әйелдер футболынан бастап инфрақұрылымды жақсарту, әуесқой және кәсіби футболды қамтуға дейін. Көп жұмыс атқарылды, бірақ әлі де істелетін істер көп. Біз үшін жақсы жаңалық – УЕФА мен ҚФФ арасындағы ынтымақтастық пен байланыс айтарлықтай жақсарды. Біздің көптеген сарапшылар үнемі Қазақстанға келіп, ҚФФ қызметкерлерімен тығыз байланыста. Мысалы, өткен аптада мен integrity департаментінің екі сарапшысымен бірге сіздерге келіп, футболдағы келісілген матчтарға қарсы күресу жолдарын талқыладық. Сондай-ақ менің әріптестерімнің тобы сіздерге маркетинг және байланыс салаларын жақсартуға көмектесу үшін келді.
Сіздердің барлық бастамаларыңызға сәттілік тілеймін және ұлттық құрамаларыңызға барлық жарыстарда табысқа жетуді тілеймін», – деді Климент.