ALAŇ жобасы: ҚФФ келесі аптада тағы 3 жаңа алаңды табыстайды
5 қараша күні Қызылорда қаласында орналасқан Ғани Мұратбаев атындағы орталық стадионда жаңартылған қосалқы алаңның ашылуы өтеді. Ал 7 қарашада Атбасар қаласындағы «Локомотив» стадионындағы жаңа алаң табысталса, 8 қарашада Саран қаласындағы «Сұнқар» стадионы беріледі. Барлық шараларда облыс басшылары, ҚФФ мен футбол аңыздары қатысып, футбол фестивалі ұйымдастырылады.
«Жаңадан өңделген алаң балаларға күш-жігер беріп, тек қана Жезқазған футболын ғана танытып қана қоймай, әлемдік аренада да ел намысын қорғайтынына сенемін. Бұл жерде ұлттық құраманың болашақ ойыншылары бар. Біраздан бері Жезқазған жерінен шыққан атты естімедік.Сондықтан Қазақстан футбол федерациясына алғысымды айтамын», - деп ALAŇ жобасының амбассадоры, ұлттық құраманың экс-капитаны Самат Смақов Жезқазғандағы «Металлург» стадионының жаңа алаңының ресми ашылу салтанатында пікірін білдірді.
Футбол алаңдарын реновациялау аясындағы ҚФФ-ның ALAÑ жобасы 2023 жылы басталған болатын. Бұқаралық спортты дамытуға бағытталған Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Қазақстан футбол федерациясы елімізде футбол алаңдарын қайта жаңартатын ALAÑ бағдарламасын енгізді. Үш жылға арналған бағдарлама УЕФА-ның қолдауымен жүзеге асырылады. Жобаның басты мақсаты - футбол инфрақұрылымын дамытып, бұқаралық футболды дамытуға жағдай жасау.
«Ұлттың денсаулығы - еліміздің негізі. Бұған дейін Мемлекет басшысы салауатты өмір салтын насихаттау мен бұқаралық спорттың дамуы жайлы айтқан болатын. Осы орайда біз ALAŇ жобасын жүзеге асырып, 10 өңірімізде балаларымыз сапалы және қауіпсіз алаңда футболмен шұғылданып, түрлі жарыстар ұйымдастыра алады. Біздің міндетіміз - бұқаралық футболдың дамуына жағдай жасау», - деді Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұлов.
Айта кетейік, құрылыс барысы және жоба жайлы толығырақ ALAÑ-ның YouTube арнасынан көре аласыздар. Ол жерде жобаның күнделігі шығып тұрады. Кезекті жаңа шығарылым Ақсу қаласындағы «Достық» стадионы алаңының ашылуына арналған.