Қазақстанның футбол клубтары ҚФФ жөндеуден өткізген алаңдарда матч өткізді

Қазақстанның футбол клубтары ҚФФ жөндеуден өткізген алаңдарда матч өткізді

27 қазан 2024, 14:12
Республикамыздың футбол клубтары ALAŇ жобасы арқылы өңделген жасыл алаңда ресми ойындарын ұйымдастырды.

 Жаңа төсеніште «Алтай», «Ақсу», «Ұлытау» клубтары доп тепті. Осы күнге дейін Қазақстан футбол федерациясы республикамызда 10 өңделген алаңды қолданысқа беріп үлгерді.

Футбол алаңдарын реновациялау аясындағы ҚФФ-ның ALAÑ жобасы 2023 жылы басталған болатын. Бұқаралық спортты дамытуға бағытталған Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Қазақстан футбол федерациясы елімізде футбол алаңдарын қайта жаңартатын ALAÑ бағдарламасын енгізді. Үш жылға арналған бағдарлама УЕФА-ның қолдауымен жүзеге асырылады. Жобаның басты мақсаты - футбол инфрақұрылымын дамытып, бұқаралық футболды дамытуға жағдай жасау.

Италиялық сападағы төсеніш халықаралық талаптарға толыққанды сай. Бұл алаңда 1ХВЕТ QFL Бірінші лигасының 26-шы туры өтіп, «Алтай» клубы «Түркістанды» қабылдады. Ойын 26 қыркүйек күні Өскемен қаласындағы «Восток» стадионының қосалқы алаңында өтіп, 1:3 есебімен қонақтардың пайдасына шешілді. Матчтан кейін «Алтай» клубының бапкерлік штабы жаңа алаңға жоғары баға берді.

«Ескі алаңда жаттығу жұмысын өткізу ыңғайсыз әрі жарақат алу қауіпі жоғары еді. Сондықтан, Қазақстан футбол федерациясы алаңды өңдеу жайлы шешім шығарды. Біз жақсы қабылдадық. Жаңа алаң - өңіріміздің, облысымыздың дамуының айқын көрінісі. Балаларға жақсы төсеніші бар алаңда жаттыққан жағымды әсер сыйлайды деп санаймын. Бұл шара балалар футболын және жалпы Шығыс Қазақстан облысындағы футболын дамытады деп ойлаймын», - деді «Алтай» U-15 командасының аға бапкері Игорь Троеглазов.

Өскемендіктерден кейін жаңа алаңды «Ақсу» клубы тексерді. Павлодар облысының клубы QFL Екінші лигасының соңғы 22-ші турын туған қаласында өткізді. 1 қазан күні команда «Астана Ж» ұжымын қабылдап, 1:6 есебімен есе жіберді. ҚФФ еліміздегі моноқалалар мен ауылдардағы алаңдардың өңделуіне басты назар аударады.

«Бұқаралық фуболды дамыту – біздің басты міндетіміз. Біз Қазақстанның барлық өңірінде алаңды өңдеу жайлы жоспарымыз бар. Егер байқасаңыз, үлкен көлемдегі алаңдарға басымдық берудеміз. Осы жылы моноқалаларды қамтыдық. Бұл үрдіс келесі жылы да жалғасады. Біз еліміздің ауылдарымызда да алаңды өңдеуді жоспарлаудамыз», - деді Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұлов.

Осы орайда Республика күніне тұспа-тұс Жезқазғандағы «Металлург» стадионы ALAÑ жобасы арқылы жөндеуден өткен алаңда басты матчтың бірін қабылдады. QFL Бірінші лигасының шешуші турында жергілікті «Ұлытау» командасы елордалық SD Family-ді 4:0 есебімен жеңді. Жезқазғандық ұжым сенсациялық түрде турнирдің күміс жүлдесін алып, Премьер-лиганың жолдамасын иеленді.

Енді ҚФФ жыл соңына дейін Қызылорда, Атбасар, Саран қалаларында алаңдарды ашуды жоспарлауда. Құрылыс барысы және жоба жайлы толығырақ ALAÑ-ның YouTube арнасынан көре аласыздар. Ол жерде жобаның күнделігі шығып тұрады. Кезекті жаңа шығарылым Аягөз қаласындағы «Достық» өнделген стадионының ашылуына арналған.

Бөлісу

Жаңалықтар

Жоғары