Кака: «Қазақстан мен Италияның бір жұпқа түскені көпшілікті таңғалдырды»

Жеребе қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы Италия құрамасымен кездеседі. Қос ойыннан тұратын кездесу 2025 жылдың қыркүйектің 15–24 аралығында өтеді.
Плей-офф кезеңіне негізгі раунд топтарында екінші орын алған үздік сегіз команда қатысады. Бұл кездесулердің жеңімпаздары ЕУРО-2026 турнирінің финалдық кезеңіне жолдама алады.
− Италия соңғы әлем чемпионатына қатыспаса да, бұл өте мықты құрама екені бәріне белгілі. Құрамында тәжірибелі ойыншылар бар. Италия құрамасы футзалдағы әлемдік көшбасшы ретіндегі орнын қайта иеленгісі келеді. Сондықтан алда бізді өте тартысты кездесу күтіп тұр.
Сегіз команданың ішінен Қазақстан мен Италияның бір жұпқа түскені көпшілікті таңғалдырды. Бұл кездесуге өте мұқият дайындаламыз. Өйткені бұл жұптың жеңімпазы Еуропа чемпионатына жолдама алады.
Кез келген команданың немесе бапкерлік штабтың пікірін сұрасаңыз – бәрі қарымта ойынын өз алаңында өткізген дұрыс дейді. Бұл тұрғыдан алғанда, қарымта кездесудің өз жерімізде өтетіні – психологиялық және менталдық тұрғыдан үлкен артықшылық. Бірақ бұл бізді алғашқы матчта жеңіске жету міндетінен босатпайды, - деді Кака.
2026 жылғы футзалдан Еуропа чемпионатының финалдық кезеңі 2026 жылдың 20 қаңтарынан 7 ақпанына дейін өтеді. Турнирді үш ел бірлесіп қабылдайды: Словения, Латвия және Литва.
Айта кету керек, УЕФА турнир форматын қайта қарап, Словения қабылдаушы елдердің қатарына қосылды. Себебі Латвия мен Литва Беларусь құрамасының қатысуымен өтетін матчтарды өз аумағында ұйымдастырудан бас тартқан.