Футзалдан ЕУРО-2026 турнирінің өткізілу форматына өзгерістер енгізілді

Футзалдан ЕУРО-2026 турнирінің өткізілу форматына өзгерістер енгізілді

28 маусым 2025, 15:00
УЕФА Атқарушы комитеті 2026 жылы 20 қаңтар мен 7 ақпан аралығында өтетін футзалдан Еуропа чемпионатының финалдық кезеңін өткізу форматына ресми өзгерістер енгізді.

Бұған дейін турнирді бірлесіп қабылдайтыны белгілі болған Латвия мен Литва өз мәртебесін сақтап қалды. Сонымен қатар, Словения үшінші қабылдаушы ел ретінде бекітілді.

Бұл шешім Беларусь құрамасының финалдық кезеңге тікелей жолдама алуына және Латвия мен Литвада Беларусь командаларының қатысуымен ойын өткізуге тыйым салынуына байланысты қабылданды. Турнирдің толыққанды өтуін қамтамасыз ету мақсатында УЕФА теңгерімді әрі әділ шешім ретінде Словенияны қосымша ұйымдастырушы ел ретінде қосты.

Қатысушы елдер мен инфрақұрылымдық мүмкіндіктерді жан-жақты сараптағаннан кейін, УЕФА Атқарушы комитеті Словенияны таңдады. Любляна қаласы ЕУРО-2018 турнирін табысты өткізген тәжірибесімен және заманауи инфрақұрылымымен ерекшеленеді. Сондай-ақ Словения футбол қауымдастығы жобаны толық қолдайтынын білдірді.

Жаңа формат бойынша:

  • A тобының матчтары мен бір ширек финал Ригада (Латвия) өтеді;
  • B тобы мен бір ширек финал Каунаста (Литва) ұйымдастырылады;
  • Словения 18 ойынды қабылдайды: C және D топтарының кездесулері, екі ширек финал, жартылай финалдар, үшінші орын үшін матч пен финал «Арена Стожице» алаңында өтсе, үшінші турдағы екі топтық ойын «Тиволи Арена» кешенінде қатарынан өткізіледі.

Қазақстан ұлттық құрамасы іріктеу кезеңінің плей-оффына қатысады. Өтпелі ойындарының жеребесі 3 шілде күні өтеді. Плей-офф ойындары 15-24 қыркүйекке жоспарланған.

Бөлісу

Жаңалықтар

Жоғары