ҚФФ президенті Марат Омаров Франциядағы әйгілі Clairefontaine футбол орталығында болды

Сапар барысында Федерация басшысы Клерфонтеннің оқу-жаттығу әдістемесімен, оқу процесінің ұйымдастырылуымен және инфрақұрылымымен танысты. Ерекше назар футбол экожүйесін қалыптастыруға, жас футболшыларды іріктеу мен даярлау жүйелеріне аударылды.
«Жасөспірімдер мен балалар футболы – ұлттық құраманың болашағы. Осы ретте балаларға арналған футбол академияларын салу маңызды. Қазір бұл бағытта ауқымды жұмыстарды бастап кеттік. Жақын күндері біз инвестормен бірге Алматы облысында балалар мен жасөспірімдерге арналған жаңа KFF Academy ғимаратының іргетасын қалаймыз. Біздің мақсатымыз – әлемдік үлгілерге сүйене отырып, отандық жүйеге бейімделген бірегей модель қалыптастыру. Клерфонтеннің оқу-жаттығу жүйесі, инфрақұрылымы және іріктеу тәжірибесі осы жобаны жүзеге асыруда маңызды бағдар болады», – деп атап өтті ҚФФ президенті.
Сапар аясында ҚФФ басшысы футбол орталығының басшылығымен кездесті. Кездесу барысында ынтымақтастық орнату, тәжірибе алмасу және тиімді әдістемелерді енгізу мүмкіндіктері талқыланды.
1988 жылы Франция футбол федерациясының бастамасымен құрылған Клерфонтен бүгінгі таңда әлемдегі жетекші футбол академияларының бірі саналады. Академиядан Тьерри Анри, Килиан Мбаппе, Николя Анелька, Блез Матюиди, Хатем Бен Арфа және басқа да әлемдік деңгейдегі көптеген футболшылар түлеп шықты. Оқу жүйесі, инфрақұрылымы мен жұмыс философиясы жас таланттарды тәрбиелеу ісінде эталон ретінде мойындалған.