Карина Берікова: «Испанияда ойнауға мүмкіндік болды»

Карина Берікова: «Испанияда ойнауға мүмкіндік болды»

17 маусым 2025, 10:13
Жаңа буын футболшы қыздардың бірі Карина Берікова КФФ баспасөз қызметіне берген сұхбатында футболға қалай келгенін, туған қаласы Таразда доп тебе бастағанын, Испанияға неге кете алмағанын, отбасының өмір жолындағы орнын және Түркиядағы «Bornova Hitabspor» клубындағы алғашқы легионерлік кезеңі қалай өтіп жатқанын айтты.

– Карина, футбол сіздің өміріңізге қалай келді?

– Футболға деген қызығушылығым да Таразда басталды. Бала күнімде таңертең ерте доп алып далаға жүгіріп шығатынмын. Біраз уақыт өткен соң сол алаңда ұлдар жаттығатын болды. Мен оларды сырттай бақылап, жаттығулары біткенін күтіп, содан кейін ғана доп ойнайтынмын. Бір күні бұл жағдайды жаттықтырушы – Иван Михайлович Ильницкий байқады. Ол маған жақындап, жаттығуға шақырды. Сол сәттен бастап менің футболдағы жолым басталды.

– 2019 жылы «Эспаньол» клубы Қазақстанда іріктеу өткізгенде сіз де болған екенсіз. Испанияға бара алдыңыз ба?

– Иә, 2019 жылы мен үшін үлкен мүмкіндік туды – Испаниядан «Эспаньол» клубының скауттары келді. Мен іріктеуден өтіп, бір айлық тәжірибе алу үшін шақырту алдым. Бұл мен үшін керемет тәжірибе болды, жаттығулардың деңгейі, атмосфера, бәрі шабыт берді.

Кейін үйге қайтып, заттарымды жинап, Испанияға көшуге дайындалып жүргенде, пандемия басталып кетті. Шекаралар жабылып, жоспарлар кейінге қалды. Әрине, көңілге қаяу түсті. Бірақ мен сағым сындырмай, керісінше, одан да көп еңбектеніп, жаңа мүмкіндіктерді іздей бастадым.

– Әкеңіз әрқашан қолдау көрсетіп отырған сияқты?

– Иә, басынан бастап жанымда отбасым болды. Әсіресе әкем – қандай жағдай болса да, әрдайым жанымнан табылды. Екі ауыр жарақат алған кезімде де, мені жігерлендіріп, алаңға қайтып оралуыма барынша көмектесті. Осының арқасында мен мықтырақ болып оралдым.

– Биыл Түркияның «Bornova Hitabspor» клубында ойнадыңыз. Бұл клубқа қалай тап болдыңыз? Шетелге кетуге қорқыныш болған жоқ па?

– Биыл мен «Bornova Hitabspor» командасында ойнадым. Түркияға бейімделу оңай өтті. Шетелге кетуге еш қорыққан жоқпын. Керісінше, бұл менің бұрыннан армандаған нәрсем – басқа чемпионатта өзімді сынап көру. Түрік Суперлигасы маған жақсы мүмкіндік сыйлады.

– Люксембургпен болған ойынды ескерсек, Лига нацийіндегі мақсат орындалатын сияқты еді. Не жетіспеді? Ерте қызыл қағаз шешуші рөл атқарды деп ойлайсыз ба?

– Біз бұл ойынға жақсы дайындалдық. Жаттығу жиыны да сапалы өтті. Команда көңіл күйі де, дайындығы да жоғары болды. Люксембургке қарсы матч біз үшін өте маңызды еді. Жеңіл болмасы анық еді, соны білдік.

Өкінішке қарай, ойдағыдай нәтиже көрсете алмадық. Ерте он ойыншымен қалғанымыз ойынды қиындатып жіберді. Бірақ соған қарамастан, біз бірінші голды соғып, соңына дейін күрестік. Әрбір ойыншы соңғы минутқа дейін барын салды.

Бұдан сабақ алып, алда мықтырақ боламыз деп сенемін.

– Ұлттық құрамада және клубтық мансапта қандай үлкен мақсатыңыз бар?

– Басты арманым – Еуропаның ТОП-5 чемпионаттарының бірінде ойнау. Сол мақсатқа жету үшін аянбай еңбек етіп келемін және бұл арман орындалады деп сенемін.

Бөлісу
Жоғары