Әмина Бибосынова: Мақсатым – Чемпиондар лигасы мен «Алтын доп» алу

– Әмина, футболға қалай келдіңіз? Бәрі неден басталды?
– Бала күнімнен аулада, мектепте футбол ойнайтынмын. 7-8 сыныпта спорт секциясына барып жүрдім. Уақыт өте келе нәтижелер шыға бастаған соң, ата-анам да бұл істі байыппен қарай бастады.
– Бұған дейін көркем гимнастикамен, тхэквондомен айналысқан екенсіз. Ақыры футболды таңдауға не себеп болды?
– Гимнастикаға кішкентай кезімде барғанмын. Кейін тхэквондомен шұғылдандым, бірақ Шляттер ауруына байланысты тоқтатуға тура келді. Жоғары сыныпқа көшкенде футболға барғым келді. Аулада балалармен футболға ойнаған, ондағы эмоция, ойын процесі қатты ұнайтын.
– Әкеңіз осыдан төрт жыл бұрын: «Егер ары қарай да дами берсе, құрамада үлкен жетістікке жетеді» депті. Әкеңіз әрдайым сеніп жүрді ме?
– Иә, солай деп ойлаймын. Қай істі бастасам да, қолдау білдіретін.
– Шетелде ойнап жүрген бірең-сараң қазақ қызыңың бірісіз. Сіз ойнайтын Германия чемпионатында әйелдер футболының деңгейі мен ұйымдастырылуы идеалға жақын деуге бола ма?
– «Идеал» деген сөзді қолданбас едім, өйткені идеал деген болмайды. Бәрі адамның өз көзқарасына байланысты. Бірақ футбол деңгейі, ұйымдастырылуы, әйелдер футболына деген көзқарас мүлде бөлек. Германия бұл салаға көп қаржы құяды. Бірақ оны тым артық дәріптеудің де қажеті жоқ.
– Неміс лигасына тән қандай ерекшеліктер бірден көзіңізге түсті?
– Біріншіден ойын деңгейі. Мұнда ешкімді осал деуге болмайды. Соңғы орында тұрған командамен де ойнау оңай емес. Ұйымдастыру жағы өте жоғары: маусым басталмай тұрып-ақ бүкіл жоспар – күнтізбе, матчтар, қарсыластар белгілі болады. Әрине, жанкүйерлер. Кез келген лигада трибунада көрермен көп болады. Командаларын шын жүректен қолдайды. Бұл үлкен мотивация береді. Қазақстанда да осындай жанкүйерлер болса екен деймін.
– Германия чемпионатына қалай ауыстыңыз?
– Оқуға түсуге осы елге бардым. Оқитын қаламда клуб бар еді. Агент арқылы қаралымға шыққан соң клуб мені алып қалды.
– Германиядағы күнделікті өміріңіз қалай өтіп жатыр?
– Аптадағы жалғыз демалыс - сенбі. Демалысым тұрмыстық шаруаларға кетеді: кір жуу, үй жинау, азық-түлік алу. Аптаның басқа күндерінде тек жаттығу мен сабақ.
– Төрт жыл бұрын берген сұхбатыңызда Криштиану Роналдумен кездескім келеді депсіз. Бұл арман әлі бар ма, әлде ойыңыз өзгерді ме?
– Ашық айтқанда, мен ондай сөз айтқан жоқпын. Журналистер өздері ойлап тапқан шығар деп ойлаймын. Бірақ Роналду – аңыз ойыншы. Кездесу мүмкіндігі болса, кез келген адам келіспей қоймас еді.
– Қазір Қазақстан чемпионатында 14 команда бар. Сырт көзге біздің лига дамып жатқанға ұқсай ма?
– Өзім әйелдер жоғары лигасында ойнап көрмеппін. Бірақ командалар көбейген сайын бәсеке де артады деп есептеймін. Тек кей матчтарда айырма тым үлкен – бұл көңіл құлазытады. Сондықтан, мүмкін, лигаға кіруге іріктеу керек шығар. Әйтпесе осындай есептер қайталана береді.
– Ұлттық құрама Ұлттар лигасында өз тобында бірінші орын ала алмай, келесі дивизионға өте алмады. Мақстақа жетуге не жетпеді деп ойлайсыз?
– Бұған көп себепті айтуға болады. Бірақ ақталғың келмейді. Топтан шыға алмадық – бұл шындық. Люксембург бізден мықты болды. Барлығымыз жеңіске ұмтылдық, бірақ тек оймен қалау жеткіліксіз. Іске көшпесек, нәтиже болмайды.
– Жалпы, клубтық және ұлттық құрама деңгейінде алдағы армандарыңыз қандай?
– Еуропаның мықты лигаларында тұрақты ойнағым келеді. АПЛ, Ла Лигада өнер көрсетсем деймін. Чемпиондар лигасын ұтып, «Алтын доп» алғым келеді. Ал Қазақстан құрамасымен – халықаралық аренада табысқа жетіп, жоғары деңгейге көтерілгім келеді.