Ойын ережелеріне сәйкес Премьер-лиганың 21-турындағы жекелеген ойын сәттеріне түсіндірмелер

Жетісу – Атырау
90+3-минут – Орталық шеңбердің маңында қонақтар сапындағы №10 ойыншы қарсыласына жылдамдықпен және қарқындылықпен сырғанап кіріп, аяқ ұшын алға созып, аяғын биік көтеріп, қарсыласын тізе тұсынан шегелеп тиді. Төреші оқиғаның жанында болғанымен, эпизодты дұрыс бағаламады.
Барлық семинарларда төрешілерге мұндай жағдайларға қатысты нақты нұсқаулар берілген: тік аяқпен, шипті алға шығарып жасалған әрекеттер қарсыластың қауіпсіздігіне айқын қатер төндіреді және ауыр ойын тәртібін бұзу ретінде алаңнан қуылумен жазалануы тиіс.
VAR тарапынан өте дұрыс араласу болды. Эпизод тексерілгеннен кейін төрешіге бейнемонитордан қарап шығу (OFR) ұсынылды.
Алайда төрешінің түпкілікті шешімі қате болды – ол бастапқы шешімін өзгертпей қалдырды.
Ордабасы – Тобыл
78-минут – Қонақтардың айып алаңына доп көтерілді. Алаң иелері сапындағы №25 ойыншы басымен допты алға бағыттады, ол қонақтар командасының қорғаушысы №4-тің қолына тиді. Қол табиғи қалыпта, денеге жақын орналасқан еді. Төреші ойынды жалғастыруға дұрыс мүмкіндік берді.
Біраз уақыттан кейін айып алаңына тағы бір көтеріліс жасалды. Екі шабуылшы допқа секірді, бірақ оны ұстай алмады. Дәл олардың артында, айып алаңы ішінде қорғаушы №15 қолмен ойнады. Қолы жоғарыда, табиғи емес қалыпта болып, дене көлемін үлкейтті. Төреші күтілетін позицияны иеленгенімен, сәтті көру өте қиын болды, өйткені жанасу екі ойыншының артында орын алды.
VAR тарапынан өте дұрыс араласу болды. Эпизод тексерілгеннен кейін төрешіге бейнемонитордан қарап шығу (OFR) ұсынылды.
Төрешінің дұрыс түпкілікті шешімі – он бір метрлік соққы тағайындау.