Ойын ережелеріне сәйкес Премьер-лиганың 20-турындағы жекелеген ойын сәттеріне түсіндірмелер

Қайсар – Ордабасы
37-минут – Қонақтар командасының айып алаңында екі ойыншы допқа таласты. №27 шабуылшы секіріп, баспен ойнады. Дәл сол сәтте №25 қорғаушы да секіріп, допқа ұмтылды. Екі ойыншы да әуеде болғанда, өзара қозғалыстың салдарынан бастары соқтығысты. Бұл – кездейсоқ соқтығысу, қорғаушы тарапынан ереже бұзу болған жоқ.
Төреші жақын жерде, жақсы орында тұрғандықтан, ойынды жалғастыруға дұрыс шешім қабылдады. VAR эпизодты қарап, дұрыс шешім қабылдаған төрешінің әрекетіне негізсіз араласты – ереже бұзу болмаған.
VAR төрешіге алаңдағы монитормен қарауды (OFR) ұсынды.
Эпизодты қарағаннан кейін төреші қате шешім қабылдап, пенальти тағайындап, қонақтар командасының №25 ойыншысына сары қағаз көрсетті.
45+7-минут – Алаң иелері командасының айып алаңына доп асырылғанда, екі ойыншы допқа таласты. Қонақтар командасының №7 шабуылшысы баспен ойнау үшін артқа қозғалды, ал қақпашы допты қолға алуға дайындалды. Екеуінің арасында екіжақты қозғалысқа байланысты жеңіл ғана жанасу болды, бірақ ереже бұзу болған жоқ.
VAR эпизодты қарап, араласпауы – дұрыс шешім.
Төрешінің қорытынды шешімі де дұрыс болды.
Елімай – Ақтөбе
25-минут – Алаң иелері командасының айып алаңында қонақтар командасының №10 шабуылшысы доппен жүгіріп келе жатқанда, №5 қорғаушы арт жағынан жатып тебу арқылы қарсыласының аяғына тиді. Соның салдарынан шабуылшы құлады. Төреші жақын жерден көріп, бірден пенальти белгіледі.
VAR араласпауы – дұрыс шешім.
Төрешінің қорытынды шешімі – дұрыс.
50-минут – Алаң иелері сол қапталдан жылдам шабуыл ұйымдастырып, №19 шабуылшы допты бақылауда ұстап айып алаңына кірді. Қонақтар командасының арт жағынан жүгірген №2 қорғаушы қарсыласының аяғына тиіп, оның құлауына себеп болды. Төреші жақын тұрғанымен, ереже бұзуды байқамай, ойынды жалғастыруға қате шешім қабылдады.
VAR эпизодты қарап, төрешіні алаңдағы монитормен қарауға шақырды – бұл дұрыс шешім болды.
Төрешінің қорытынды шешімі – дұрыс.
61-минут – Алаң иелері командасының айып алаңы сызығы маңында №5 қорғаушы мен №10 шабуылшы бір мезетте секіріп, допқа таласты. Әуедегі тартыс барысында әдеттегі физикалық байланыс болды, содан кейін алда тұрған шабуылшы құлады.
Қорғаушы тарапынан ереже бұзу болмады. Төреші ойынды жалғастыруға дұрыс шешім қабылдады.
VAR араласпауы – дұрыс шешім.
Төрешінің қорытынды шешімі – дұрыс.