Құралбек Ордабаев 76 жасқа келді

Құралбек Ордабаев 76 жасқа келді

06 тамыз 2025, 10:17
Бүгін Қазақстан қақпашылар мектебінің жарқын өкілі, қазақ футболының аңыз тұлғасы Құралбек Досжанұлы Ордабаев 76 жасқа толып отыр.

Құралбек Ордабаев 1949 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген. 1968 жылы жергілікті «Металлург» командасында кәсіби мансабын бастаған. Ол кезде бұл клуб КСРО чемпионатының «А» класының екінші тобында бақ сынайтын. 18 жасында-ақ негізгі құрамға ілінген жас қақпашы алғашқы маусымында 18 матч өткізіп, ойын саны бойынша тәжірибелі Евгений Швырковтан кейінгі көрсеткішке қол жеткізді. Ал келесі жылы командасының негізгі қақпашысы атанды.

1971 жылы алматылық «Қайрат» сапында алғаш рет Минскінің «Динамосына» қарсы алаңға шықты. Араға бір ай салып, Киевтің «Динамосымен» өткен ойында Жоғарғы лигадағы алғашқы «құрғақ» матчын өткізді. Жалпы, Құралбек Ордабаев «Қайрат» құрамында 52 ойынды қақпасына гол жібермей аяқтап, клуб тарихындағы рекорд орнатты.

Осы маусымда «Смена» журналы оны чемпионаттың үздік дебютанттарының қатарына қосып, Ордабаев КСРО жастар құрамасына шақырту алды. ГДР-дің «Форвертс» клубына қарсы халықаралық матчта алаңға шығып, халықаралық аренада да өзін көрсетті. Сондай-ақ 1971 жылы «Қайрат» Халықаралық теміржолшылар одағының Кубогын жеңіп алып, финалда Румынияның «Рапид» командасын 1:0 есебімен ұтты. Бұл ойында да Ордабаев қақпасын аман сақтап қалды.

Ордабаев пенальти соққыларын кері қайтара білетін шеберлігімен ел есінде қалды. Алғаш рет пенальтиді 1972 жылы КСРО кубогындағы «Локомотив» (Мәскеу) командасына қарсы матчта қайтарды. 1973 жылы чемпионатта тең есептен кейін пенальти сериясы енгізілді. Бұл Ордабаев нағыз жұлдызды шағына айналды. «Қайрат» 11 серияның 10-ында жеңіске жетті. Ордабаев бұл көрсеткіш бойынша Пильгуй, Гогия, Прохоров сияқты әйгілі қақпашыларды артта қалдырды.

Оның сенімді ойыны үздік қарсыластарға қарсы матчтарда да ерекше байқалды. Мысалы, 1973 жылдың қазанында Киевтің «Динамосына» қарсы ойында Олег Блохинге гол соғуға мүмкіндік бермеді. Сол жылы маусымды Луганскінің «Заря» командасымен тең есепте (1:1) аяқтады.

1981 жылы Құралбек Ордабаев «Неделя» газетінің халықаралық турнирінде финалда пенальти қайтарып, «Қайраттың» жеңісіне үлкен үлес қосты.

Футболшы мансабын аяқтаған соң, «Қайрат» командасының жетекшісі, кейін Қазақстан футбол қауымдастығының басшылық құрамында қызмет атқарды. 1996-2000 жылдар аралығында аталған ұйымды басқарды.

Құралбек Ордабаев – отандық футболда сенімділік пен кәсібиліктің символына айналған тұлға. Оның ел футболының дамуына қосқан үлесі әлі күнге дейін құнды әрі маңызды болып келеді.

Құралбек Досжанұлына зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасының амандығы мен жаңа белестерді бағындыруын тілейміз!

Бөлісу

Жаңалықтар

Жоғары