Маңғыстау облысында Қазақстан әуесқой лигасы ойындары аяқталды

Маңғыстау облысында Қазақстан әуесқой лигасы ойындары аяқталды

04 тамыз 2025, 12:20
Маңғыстау облысында Қазақстан футбол федерациясының қолдауымен өткен Қазақстан әуесқой лигасының облыстық іріктеу ойындары аяқталды. Жарысқа өңірдің 20 командасынан 500-ге жуық әуесқой футболшы қатысты.

Финалдық ойында «Munaitelecom» командасы «Jumys sapar» командасын пенальти сериясында жеңіп, республикалық кезеңге жолдама алды. Жеңімпаз команда телекоммуникация және байланыс саласында еңбек ететін мамандардан құралған.

Турнирдің марапаттау салтанатына Қазақстан футбол федерациясы өңірлік қатынастар департаментінің директоры Марат Тәкенов, Қазақстан футзал қауымдастығының президенті Нұрсұлтан Құрман және жергілікті мемлекеттік орган басшылары қатысты.

Іс-шарада сөз алған Марат Тәкенов Қазақстан әуесқой лига ойындарының жұмысшылар жылында ұйымдастырылуы ерекше тандем екенін атап өтті.

Баршаңызға мәлім, 2025 жыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жарлығымен «Жұмысшы мамандықтар жылы» болып бекітілді. Осыған орай еліміздің әр өңірінде Қазақстан әуесқой лигасының ойындары жоғары деңгейде өтіп жатыр. Бұл додада тек кәсіби емес, еңбек адамдары да әдемі ойын өрнегін көрсетіп жүр. Мәселен, Маңғыстауда жеңіске жеткен команда телекоммуникация, стационарлық және жылжымалы радиобайланыс қызметтерін ұсынатын компанияның қызметкерлері. Олар байланыс саласындағы еңбегімен қатар, спортты серік еткенін дәлелдеді. Жүлдегер атанған командаларды жеңісімен шын жүректен құттықтаймын,- деді М.Тәкенов.

Ал Қазақстан футзал қауымдастығының президенті Нұрсұлтан Құрман елімізде басталған ең ауқымды турнирдің маңызына тоқталды.

– Финал өте тартысты өтті. Бұл ҚФФ тарапынан бұқаралық спорт пен әуесқой футболды дамыту мақсатында қолға алынған маңызды жоба. Басқа аймақтарда да көрсеткіш жоғары. Бұл лига әлеуеті бар азаматтарға және амбициясы бар әуесқой клубтарға үлкен мүмкіндік. Өз аймағында жеңіске жеткен команда Қазақстан чемпионатында ойнайды, ал сол жарыста топ жарған команда «UEFA Region Cup» халықаралық додасына қатыса алады. Сонымен қатар, Бірінші және Екінші лига ойындарына жолдама алу мүмкіндігі бар. Бұл – аталған лиганың болашағы зор екенін көрсетеді,-деді Н.Құрман. 

Айта кету керек, Маңғыстау облысында футболдан осындай ауқымды турнир 18 жыл үзілістен кейін алғаш рет ұйымдастырылып отыр.

Бөлісу

Жаңалықтар

Жоғары