Кирилл Кекер: «Сатпаев – жас ойыншыларға үлгі»

– Клуб пен ұлттық құрамамен жұмыс істеу екі түрлі бағыт екені сөзсіз. Қазір жаңа қызметке бейімделіп жатырсыз ба?
– Иә, жұмыс тәсілі де, қарым-қатынас та өзгерді. Жаңа талаптарға бейімделіп жатырмын. Бұл мен үшін тың тәжірибе, әрі кәсіби тұрғыда дамуға мүмкіндік.
– Жуырда жасөспірімдер құрамасымен «Тұран», «Оңтүстік Академиясы» және «Ордабасы» клубтарымен үш жолдастық матч өткіздіңіз. Ойындардың қалай өткеніне көңіліңіз толды ма?
– Жаттығу жиыны Шымкенттегі БИІК базасында өтті. Барлық жағдай жасалған, қызметкерлердің бәрі көмектесуге дайын. Бұл – үлкен плюс. Команда бұған дейін соңғы рет 2023 жылдың қарашасында жиналған еді. Сол уақыттан бері көп нәрсе өзгеріп үлгерді. Сондықтан алғашқы жиынның басты мақсаты – ойыншыларды көру, танысу, байланыс орнату, ойын стиліміз бен философиямызды түсіндіру болды.
Үш жолдастық матч өткізіп, әр кездесуде екі түрлі құраммен 45 минуттан ойнадық. Бұл – футболшылардың деңгейін бағалауға жақсы мүмкіндік. Қарсыластарды әдейі мықтылардан таңдадық. Себебі біз ойыншыларды шынайы, бәсекелі ортада сынағымыз келді. Жалпы алғанда, жиын жақсы деңгейде өтті. Жоспарланған жұмыстар толық орындалды. Жаттықтырушылар штабы осы жиынның нәтижесіне оң баға береді.
– Құрамда Испанияның «Леванте» клубында ойнайтын Шыңғыс Қалиев пен Алдияр Нұрғали болды. Олардан еуропалық көзқарас байқалды ма?
– Ойыншыларды жеке атап айтқым келмейді. Екеуінде де үлкен футболшы болуға мүмкіндік бар. Бәрі өздеріне байланысты. Шын мәнінде олар да Қазақстанда өскен балалар. Сондықтан болар, айтарлықтай айырмашылық байқай қойған жоқпын.
– «Қайратта» бірге жұмыс істеген Дастан Сатпаевты жақсы білесіз. Қазіргі құрамда да алматылық клубтың ойыншылары көп. Дастан секілді басқа дарындар бар ма?
– «Талант» дегенді қалай түсінеміз – мәселе сонда. Дастанды басқа ойыншылармен салыстыру дұрыс емес. Өйткені оның шығуы бөлек әңгіме. Бірақ оның футбол жолын зерттеп, үлгі ретінде алуға болады. Әрине, қазіргі құрамда да әлеуеті жоғары ойыншылар бар. Бірақ олар сол деңгейге жету үшін неге дайын? Қандай еңбек пен тәртіпке бейім? Сыртқы өмірі мен армандары үйлесе ме? Мұның жауабын уақыт көрсетеді.
– Алдағы басты жұмысыңыз U-19 құрамасына ойыншыларды іріктеу бола ма?
– Иә, селекция деген үздіксіз жұмыс. Әртүрлі деңгейде өнер көрсетіп жүрген көптеген футболшыны бақылап отырмыз. Ойын уақыты, даму қарқыны, ойындағы өзін көрсетуі – бәрі назарда. Жігіттерге қай тұстарды жетілдіру керегі жөнінде нақты ұсыныстар берілді. Біздің міндет – кез келген жағдайға дайын болу.
– Күзде Словенияда беделді Slovenia Cup турнирі өтеді. Осы турнир туралы айтып өтсеңіз?
– Әрбір ойын – болашаққа дайындықтың бір бөлігі. Турнирде сегіз команда екі топқа бөлініп ойнайды. Жеңімпаз қалай анықталатыны әзірге белгісіз. Еуропа мен Азия елдерінің құрамалары қатысады. Логистика, ойын ырғағы, демалыс тәртібі – бәрі іріктеу кезеңіне ұқсайды. Сол себепті нағыз тәжірибе алаңы болмақ. Қай бағытта жұмыс істеуіміз керек екенін осы жерден анықтаймыз.
– Қазіргі уақытта жас ойыншылар 16-17 жасында кәсіби деңгейге өтіп жатыр. Біздің футболшылар бұған дайын ба?
– Алдымен сұрақ былай: клубтар сол жастарға сенім артуға дайын ба? Бізде әлі де стереотиптер көп. Көп жағдайда клубтарда нақты стратегия жоқ. Шешімдер сәттік жағдайда қабылданады. Егер ойыншы дайын болса, жасына қарамастан алаңға шығуы керек. Шектеу болмауы тиіс.