«Менің басты мақсатым – берік жүйе құру». ҚФФ президентімен сұхбат

Бұл сұхбатта ҚФФ президенті стратегиялық басымдықтар, клубтарды жекешелендіру, бизнес әріптестік, ұлттық құрамалар және адал ойын принциптері туралы айтты.
– Марат Талғатұлы, федерацияны басқарғаныңызға жарты жыл болды. Осы уақыт ішінде өзіңіз үшін қандай басты мақсаттар мен басым бағыттарды айқындадыңыз?
– IV Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев спорт саласындағы стратегиялық бағытты айқындап берді: бұлар бұқаралық, денсаулық және тәрбие. Бұл вектор тек жаңа мақсатты емес, еліміздегі спорт саясатының философиясын қайта қарастырады. Қазақстан футбол федерациясы дәл осы логикаға сүйене отырып жұмыс істейді. Футбол тек тартысты ойын емес, қоғамдық дамудың бір бөлігі болуы керек.
Ашығын айту қажет: Футбол Қазақстанда ұзақ жылдар бойы дамыған жоқ, керісінше жүйелі түрде құлдырады. Премьер-лигада түрлі жанжал болды, федерация өз мүддесін көзген түрлі топтың ықпалында қалды. Бөлінген бюджетте ашықтық болмады. Ол балалар футболын дамытуға, алаңдар салуға немесе жаттықтырушыларға емес, басқа мақсаттарға жұмсалды. Тұрақтылық болған жоқ. Инфрақұрылым, стратегия, ашық іріктеу жүйесі, жаттықтырушыларды дайындайтын механизм болған жоқ. Өкінішке қарай, оны қалыпқа келтіруге ешкім тырыспады.
Мен бұларды жүйені өткерген адам ретінде айтып отырмын. Жас кезімде аймақтық командаларда ойнап, Қазақстан ішінде түрлі додаларға қатыстым. Ойынға бару үшін купеде емес, плацкарт вагонда қатынадық. Дұрыс тамақтанбақ түгілі, форма да берілмеді. Бірақ біз бар ерік-жігерімізді салып ойнадық. Ал жаттықтырушымыз әрі әкімші, әрі дәрігер болды. Қаржы жетіспейтін, ал болған күннің өзінде алаңдағыларға дейін емес, «жоғарыға» кететін. Біз өз командамыздың намысын қорғап жүрміз бе, әлде «жоспарды орындап жатырмыз ба» деп түсінбейтінбіз. Бұл – футболға, балалар мен жаттықтырушыларға жасалған әділетсіздік еді.
Мен бұл әділетсіздіктерді өткеріп, қазір федерация президенті болған соң, осыны жоюдан бастадым. Жаңа буын футболшылары бұл жолды қайталамауы керек. Тараздан, Ақтөбе немесе Семейден шыққан бала болсын тең дәрежедегі алаңға, жаттықтырушыға бірдей мүмкіндігі болуы қажет. Футбол лоторея емес, жүйе болуы тиіс. Сондықтан біз алдымен футболдың іргетасын қайта қалай бастадық. Бизнестің сенімін қайтару, төрешілер жүйесін реформалау, лигаларды жаңарту, академиялар салу, инфрақұрылым жүргізу, саланы цифрландыру, бұқаралық футболды дамыту процесі жай ғана жоба емес, жаңа жүйенің кірпіші.
Біз Еуропа мен Әлем чемпионаттарына шығуды мақсат еттік. Бірақ ол бір реттік науқанмен немесе жасанды серпіліспен жүзеге аспайды. Грузия мен Өзбекстанды қарасақ, олар алғашқы ірі турнирлерге ондаған жыл бойы дайындалды. Бұл – жүйелі еңбектің жемісі. Біз де осы жолмен жүреміз. Алдымен негізін құрамыз, содан кейін барып ұлттық құрамада нәтиже болады.
Біз бір маусымға немесе бапкер мен басшының тегіне қарай қабылданатын шешімдерден түбегейлі бас тарттық. Әлдебір тұлғалардың атына қарамастан жұмыс істейтін тәуелсіз жүйе құрамыз. Егер осыны жасасақ, бұл бүкіл қазақстандық футбол үшін нағыз жеңіс болады.
– Мемлекет басшысы клубтар қаржылай тәуелсіз болуы қажеттігін бірнеше рет атап өтті. Қазір клубтарды жекешелендіру не үшін маңызды?
– Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Клубтар тек облыс бюджетіне үміт артып отырмай, табыс табуды үйренуі тиіс. Жекешелендірусіз бұл мәселе алға жылжымайтынын әлемдік тәжірибе айқындап берді», деген болатын. Бұл – спорт саласындағы бүкіл саясатқа негіз болатын нақты бағдар.
Бүгінде көптеген клуб тек бюджет қаражатына тәуелді. Бұл – тұрақсыз модель. Мұндай жүйеде алға жылжу болмайды. Спортшыларды да бәсекелестікке ынталандырмайды. Оған қоса, нарықтық ойлай алатын менеджментті тартпайды. ҚФФ жекешелендіру бағытын толығымен қолдайды. Енді сөзбен емес, іске көштік.
Қазір біз отандық және халықаралық ірі компаниялармен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Бұл тек декларациялық ниет емес, біз капиталға қатысу параметрлерінен бастап, корпоративтік басқару мен инвестициялық міндеттемелерге дейінгі нақты мазмұнда диалог құрдық. Атап айтқанда, бөлшек сауда, құрылыс секторының және инвестициялық компаниялардың өкілдерімен ұзақ мерзімді дамуға бағытталған жобалар бойынша келісіп жатырмыз.
Біз демеушілер мен инвестициялар тарту қажет клубтардың тізімін жасап, нақты механизм ұсындық. Үкімет бұл тізімді бекіткеннен кейін, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасын іске асыруға бірден кірісеміз. Тамыздың соңына дейін алғашқы нәтижелерді жариялауды жоспарлап отырмыз.
Жекешелендіру – бұл науқан емес. Бұл – отандық футболдың тұрақтылығы мен сапасын, бәсекеге қабілеттілігін арттырудың жалғыз жолы. Жекеменшік модель арқылы болашақта Қазақстанды футбол державасы ретінде көреміз.
– Ал жарты жылдық жұмысты қорытындыласақ, бұл кезең сізге және федерацияға қандай болды?
– Бұл кезең – терең дағдарыстан шығу мен жүйені қайта құру кезеңі болды. Біз ең алдымен институционалдық құрылымды реттедік: жарғылық құжаттарды ретке келтіріп, атқарушы құрылымды оңтайландырдық. Премьер лига, Бірінші және Екінші лига чемпионаттарын Федерация басқаруына қайтардық. Бұған дейін кәсіби клубтар арасындағы жарыстар тәуелсіз субъектілер саналды. Ол біртұтас футбол кеңістігін құруға кедергі болды. Қазір бізде балалар академияларынан бастап үлкен футболға дейін анық вертикальды құрылым қалыптасты. Мүдделер қақтығысының ошақтарын жойдық, басқару командасын қайта жинадық, процестерге цифрлық және құқықтық бақылауды күшейттік. Енді Федерация дамуда көзбояушылық жасамай, оны жүйелі түрде құруды мақсат еткен команда ретінде жұмыс істейді. Ең бастысы – бизнестің сеніміне ие болдық. Қазақстандық футбол ұзақ үзілістен кейін алғаш рет ірі көлемдегі инвестицияны букмекерлік сектордың қатысуынсыз ұлттық және халықаралық компаниялардан алды. Жыл басында уәде еткенімдей, біз лига атауларынан букмекерлік брендтерді алып тастадық. Бұл ҚФФ-ны ұзақ жылдар бойы жүйелік тәуелділіктен шығарған символикалық әрі тәжірибелік маңызы бар шешім болды.
Бұған дейін федерация УЕФА-ның, мемлекеттің және букмекерлік сектордың қаржысы есебінде жұмыс істеп келді. Қазір ҚФФ тарихында алғаш рет тұрақты бизнестен ірі қаржыландыру алдық. Бизнес эмоцияға емес, кәсіби біліктілік пен болжамға қарайды. Капитал басқару сапасына, жүйелі тәсілге және салынған қаржы нәтиже береріне сенген кезде ғана салынады. Бүгінде жеке серіктестердің футболға қайта оралуы бір адамның емес, әрқайсысы өз рөлі мен жауапкершілігін түсінетін кәсіби команданың ортақ жұмысының нәтижесі.
Менің ойымша, бұл қазақстандық футболдың сөзбен емес, іспен нақты нәтиже көрсеткен құрылым екеніне сенгенін білдіретін басты белгі. Бұл бізге тоқтамай, алға жылжу үшін үлкен жауапкершілік жүктейді. Енді даму кезеңіне өтетін уақыт келді. Негізгі басымдық инфрақұрылымды нығайтуға, білікті мамандар дайындауға және тұрақты нәтиже көрсетуге беріледі.
– Бизнес тарапынан тартылған қаражатты қалай бөлесіздер? Сіз үшін қаражатты пайдаланудағы басты басымдық неде?
– Біз инфрақұрылым мен жүйелік тұрақтылыққа басымдық береміз. UEFA елдерінде әр 10 000 адамға толық құрылымды футбол алаңан салу ұсынылады, ал Англияда – 1 500 адамға бір стадион. Ал Қазақстанда 28 000 адамға бір ғана толыққанды футбол нысаны. Оның өзінде климаттық және техникалық шектеулерге байланысты жарты маусым ғана ойнайды.
Бұл статистиканы ресми емес, нақты қолжетімділік тұрғысынан қарастырсақ, Қазақстанның футбол инфрақұрылымымен қамтылуы халық саны 2 миллионға жуық елдің деңгейімен бірдей. Өйткені дәл сол шамадағы адамдар ғана толық өлшемді алаңда тұрақты түрде жаттыға алады. Бұны тек алаң тапшылығы деп қоюға келмейді. Ол бұқаралық спорттан бастап, ұлттық құрама деңгейіне әсер ететін шектеу. Сондықтан инфрақұрылымды дамыту жай ғана бағыттардың бірі емес, басты міндет.
Егер баланың өз ауданында футбол ойнайтын алаңы болмаса, бұқаралық футбол туралы сөз қозғауымыз дұрыс емес. Сондықтан бірінші кезекте барлық жағдай жасауымыз қажет.
Ал өңірлердегі инфрақұрылымның жағдайы қалай? ҚФФ жағдайды жақсарту үшін не істеп жатыр?
– Біз инфрақұрылым мәселесіне жүйелі түрде қараймыз. Қазір үш бағыт қатар жүріп жатыр: УЕФА-ның «HatTrick» бағдарламасы аясында «Алаң» жобасы бойынша толық өлшемді тоғыз алаңның құрылысы аяқталып жатыр. «KFF Arena» деп аталатын жаңа модель іске қосамыз. Сондай-ақ «FIFA Arena» жобасы аясында 100 алаңның құрылысы бастаймыз.
«Алаң» жобасына тоқталсақ: бұл дұрыс бағыттағы қадам, бірақ оның бір кемшілігі бар. Алаңдар пайдалануға берілген соң жергілікті атқарушы органдардың меншігіне өтеді. Ал ол кезде балалардың жаттығу жасауына рұқсат берілмей, керсінше Премьер-лига клубтарының футбол орталықтарына беріліп кетеді. Ол клубтар инфрақұрылымды өздері құруы тиіс. Біз мұнымен келіспейміз.
Бұдан бөлек, біз бұны әлдеқайда тиімді жүзеге асырып отырмыз. Былтыр бөлінген қаржыға 7 алаң салынса, биыл дәл сондай қаражатпен 9 алаң салынуда. Оның үстіне, процестің барлығы ашық әрі қолжетімді болады. Бұл бөлінген қаржыға жүйелі тәсіл болса, бәрін де нәтижелі іске асыруға болатынын көрсетеді.
Елімізде инфрақұрылымды қалай тез және жаппай жүргізуге болатыны туралы көп сұрақ қойылады. Біз үшін бұл сұрақтың жауабы айқын: бюджет қаржысын күтпей, кәсіпкерлерді тарту керек. Жеке сектор ғана жылдам әрі тиімді жұмыс істеп, нақты нәтиже көрсетеді.
Біздің міндетіміз – кәсіпкерлерге қажеттінің бәрін, яғни типтік жобаларды ұсынып, жер беріп, қаржылық құралдарды реттеп, салынған қаражатты қайтару моделін ашық жүргізу. KFF Arena арқылы біз инвестициялық тұрақтылыққа негізделген спорт инфрақұрылымының франшизасын дамытамыз. Әр арена – бұл:
• дайын архитектуралық және қаржылық жоба;
• жеке бизнеспен әріптестік;
• жалға беру, секциялар, маркетинг арқылы инвестицияны қайтару моделі;
• стандартталған IT-жүйе және бренд қалыптастыру.
Бұл – жаңа үлгідегі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жоба. Мұнда әр объект нақты қайтарымы мен әлеуметтік маңызы бар актив ретінде қарастырылады.
Біз әлемнің үздік тәжірибелеріне сүйендік. Мысалы:
• Ұлыбританиядағы Football Foundation – Премьер-лига мен жеке сектор қаржыландыратын футбол орталықтарының желісі;
• Франциядағы UrbanSoccer – франшиза ретінде жұмыс істейтін футбол алаңдары;
• Германиядағы DFB Mini-Pitch – қала мен ауылдық жерлердегі қолжетімді шағын алаңдар;
Біз осы модельдерден шабыт алып, оны Қазақстан жағдайына бейімдедік. Біз салатын ареналардың құрылысы оңай, пайдалану шығыны аз әрі кәсіпкер үшін тиімді инфрақұрылым жобасы болады. Кәсіпкер жер телімін, қаржыны, брендті, операциялық қолдаудың бәрін дайын күйінде алады.
Бұл жай ғана алаң емес, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігіне бағытталған жаңа жоба. Біз осы үлгі арқылы елімізде мемлекеттік дотациясыз және әкімшілік кедергілерсіз инфрақұрылымды жылдам әрі жаппай дамытуға болатынына сенеміз.
Алғашқы пилоттық жобалар таңдалды. Алдағы айларда біз заманауи инфрақұрылымның аудан орталықтарында да қалай жүзеге асатынын көрсетеміз.
– Сіз FIFA Arena жобасын да атап өттіңіз. Бұл бастама немен ерекшеленеді және оның рөлі қандай?
– Елімізде алғаш рет FIFA-дан мектептерге 100 жүз шағын алаң салуға толық қаржы алдық. Бұл жабық спорт залы мен алаңы жоқ ауылдық елді мекендер мен шағын қалаларда салынады. Бұл – нағыз grassroots инфрақұрылым.
Қазір біз мектептерді әлеуметтік тапшылығы, халық тығыздығы және инфрақұрылымдық жетіспеушілік критерийлері бойынша іріктеудеміз. Екі жыл ішінде жүз алаң салып, пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Алғашқы алаң құрылысы Хромтау мен Көкшетау қалаларында басталады.
Мұндай шешімдер бір күнде қабылданбайды. Біз өтінімдер дайындап, дәлелдер жинап, Қазақстанның мүддесін қорғадық. Ең бастысы, жүйелі жұмыс істей алатынымызды көрсеттік. Бізге FIFA сенім білдірді.
Бұл – халықаралық ұйымның нақты әлеуметтік дамуда серіктес бола алатынын көрсететін ең үздік мысалдардың бірі.
– Академиялар мәселесі де өзекті. Бұл бағытта қандай тәсіл қолданылып жатыр?
– Академия балалар тұратын сәнді ғимарат болмау керек. Академия – өз әдістемесі, іріктеу жүйесі, бірыңғай бағалау стандарты мен дайындау сапасы бар білім ордасы.
Талғардағы академияны салу – балалар мен жасөспірімдер футболын нығайту мен жаңа буынды даярлауда тұрақты инфрақұрылым құрудағы маңызды қадам. Жаңа академия спортты дамытудағы сапалы жұмыстың үлгісіне айналды.
Бұдан кейін Астана қаласында және Солтүстік, Шығыс, Оңтүстік, Батыс аймақтарда академия құрылысы басталады. Қазіргі таңда біз осындай академия салатын демеушілер тартуда белсенді жұмыс істеп жатырмыз.
Қазақстан футболының тарихында алғаш рет ұлттық деңгейде дарынды футболшыларды анықтау мен іріктеуде толыққанды жүйе қалыптасуда. Бұл үшін федерация құрамында арнайы таланттарды анықтау бөлімі құрылды, кәсіби скауттар мен селекционерлерден тұратын штат жасалуда, ойыншыларды бағалау критерийлері мен өңірлік қамту принциптері әзірленуде. Бұл жүйе арқылы болашақта ұлттық академиялар мен Қазақстан құрамаларына үміткер ойыншыларды анықтайды.
Сонымен қатар, біз жаттықтырушылар санын көбейту бойынша да ауқымды жұмыс жүргізіп жатырмыз. Қазіргі таңда Қазақстанда 1 164 маман дайындалды:
• UEFA «C» санатында – 549 жаттықтырушы;
• UEFA «B» – 191 жаттықтырушы;
• UEFA «B Goalkeeper» (қақпашы жаттықтырушысы) – 73 маман;
• UEFA «B Futsal» (футзал жаттықтырушысы) – 29 маман;
• UEFA «A» – 202 жаттықтырушы;
• UEFA «A Elite Youth» – 18 маман;
• UEFA «Pro» – 69 жаттықтырушы.
Биылдан бастап өңірлік форматта UEFA «C» санатына оқыту бағдарламасы іске қосылады. Жақында жаттықтырушыларды даярлайтын 6 аймақтық орталық ашу жоспарда бар. 2030 жылға дейін UEFA «С» және «В» лицензиялары есебінен лицензиясы бар жаттықтырушылардың санын екі есеге арттыруды жоспарлап отырмыз.
– Бұқаралық футбол мен әуесқой лигалар туралы не айтасыз? Бұл бағытта ілгерілеу бар ма?
– Сәуір мен маусым аралығында ұлдар мен қыздар арасындағы мектеп лигасының финалдық ойындары өтті. Оны Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығымен бірлесіп ұйымдастырдық. Турнирдің іріктеу және финалдық кезеңдеріне еліміздің барлық өңірінен 850 000-нан астам бала қатысты.
Биыл біз Қазақстанның әуесқойлар арасындағы чемпионатын реформаладық. Енді ол «Қазақстан әуесқой лигасы» деп аталады. Турнир еліміздің барлық аймағын қамтиды және әуесқой футболды жүйелі дамытуда тұрақты модель құруды мақсат етеді.
«Қазақстан әуесқой лигасы» еліміздегі футболдың grassroots деңгейінен бастап кәсіби деңгейге дейінгі бірыңғай вертикалды жүйесін қалыптастыруға негіз болады. Бұл – ҚФФ-тың клубтық инфрақұрылымды дамыту және аймақтардағы футболдың әлеуметтік рөлін арттыру жолындағы стратегиялық бағытының көрінісі.
Лига жеңімпазы Екінші лигаға жолдама алады, сондай-ақ 2026 жылғы Қазақстан кубогына қатысу құқығына ие болады. Бұдан бөлек, чемпион команда халықаралық деңгейдегі УЕФА аймақтар кубогында ел намысын қорғайды.
Аталған чемпионатқа 263 команда қатысып жатыр. Біз үшін футбол – бұл тек ұлттық құрама емес, бұл – денсаулық пен әлеуметтену екенін көрсеткіміз келеді. Біз қарапайым қағидадан шығамыз: футбол – бұл артықшылық емес, әрбір азаматтың құқығы болуы тиіс.
– Төрешілер мәселесі – әрқашан өткір тақырып. Бұл бағытта қандай өзгерістер жасалды?
– Біз ең жабық және сезімтал саланың біріне кірістік – төрешілік жүйесі дағдарыста екені бірден белгілі болды. Дайындау стандарттары, әділ бағалау және сенімді ортасы жоқ еді. Біз негізінен бастадық. Халықаралық тәжірибелі маман Нуну Каштруды шақырып, оған толық еркіндік беріп, жағдайды объективті бағалауды сұрадық. Ол жасаған қорытынды біздің ішкі түйсігімізді растады: жүйе инерциямен жұмыс істеп тұрды, VAR дұрыс қолданылмады, дайындық еуропалық деңгейден қалып қойған.
Біз реформаны бастадық. Үнемі курстар, видео-сессиялар, VAR тренингтері, теорияны, физикалық дайындықты және бейнеанализді қамтитын бірыңғай емтихан қалыпты тәжірибеге айналды. Біз халықаралық ережені енгізудеміз: алаңда төрешімен тек капитан сөйлесе алады. Сонымен қатар, біз кейбір матчтарға шетелдік төрешілерді тартамыз – бұл сапа кепілі және сыртқы бақылаудан қорықпайтынымыздың белгісі.
Алайда реформа – тек оқыту ғана емес. Біз іргелі мәселелерді өзгерттік. Біріншіден, бас және қосалқы төрешілердің жалақысын екі есе арттырдық. Екіншіден, төлемдердің тұрақтылығын қалпына келтірдік: бұрын еңбекақы апталап, кейде айлап кешіктірілетін. Бұл – тәуелділік, манипуляция және моральдық қысымға әкелетін. Енді төреші жалақысын уақытылы алады және оның еңбегі бағаланатынын біледі.
Біз сондай-ақ мүдделер қақтығысын жойдық: бұрын клубтар төрешілердің ұшу, тұру және тамақтану шығындарын төлейтін. Бүгінде бұл шығындардың бәрін федерация орталықтандырылған түрде өз мойнына алды. Төреші өзін сол клубқа тәуелді сезінбеуі керек. Бұл – адалдықтың негізгі стандарты.
Бірақ қолдаумен қатар жаңа талаптар да бар. Біз ашық айттық: сіздерді оқытуға, дамытуға, ынталандыруға дайынбыз. Бірақ талап қатаң болады. Қателік – қалыпты дүние. Бірақ жүйелі біліксіздік, дайын болмау, өзгеруге ниетсіздік – жаңа жағдайда орын алмайды.
Жақында болған «Тұран» – «Қызылжар» матчынан кейінгі жағдай соны көрсетті. Айқын қателіктерден кейін төрешілік және қадағалау департаментінің директоры Нуну Каштрудың шешімімен бас төреші мен VAR төрешісі маусымның соңына дейін қызметінен шеттетілді. Ішкі тергеу басталды. Бұл – чемпионат өту барысына әсер етуші әрекеттерге жол берілмейді деген анық белгі.
Иә, жүйе ұзақ уақыт қысыммен өмір сүрді. Төрешілер «қоңырауларға», «ымдауға» үйренген. Ал оны тоқтатқанда, көбі не істеу керегін білмей қалды, бірақ бірқатары бейімделе бастады. Төрешілер ешкімнің жоғарыдан араласпайтынын, ал шешім қабылдау өзінің жауапкершілігінде екенін сезінді. Біз оларға уақыт пен мүмкіндік бердік. «Тұран» - «Қызылжар» ойыны ескі әрекеттердің қайталануы мүмкін екенін көрсетті. Өзгеріске бейімделгісі келмеген төреші жүйеде қалмайды.
Біз мәселені жасырмаймыз, оны шешу үстіндеміз. Нуну Каштрудың басшылығымен төрешілерді даярлау мен бағалаудың жаңа жүйесі құрылып, жұмысын бастап кетті. Қазір ашық әрі қорғалатын орта қалыптастыру үстіндеміз. Бақылауды қорқыту үшін емес, сапаны арттыру үшін жасап жатырмыз. Егер төреші адал, білікті әрі кәсіби өскісі келсе, федерация оны қолдайды. Төрешілер жауапкершілігі жаңа деңгейге көтерілді. Біз оны кәсіби деңгейге шығарамыз.
-Сіз жауаптарыңызда жиі «жүйе» деген сөзді қолданасыз. Бірақ көпшілік үшін футбол – бұл ең алдымен ұлттық құрама. Бүгінде ел құрамасының жағдайын қалай бағалайсыз? Оның дамуына қатысты қандай өзгерістер жүріп жатыр?
– Дұрыс айтасыз, халық үшін футбол деген – ұлттық құрама. Бірақ шын мәнінде, құрама – бұл бүкіл құрылымның шыңы. Ол берік болу үшін алдымен негізін дұрыс қалау керек: инфрақұрылым, академиялар, әдістеме, кадр мәдениеті. Қазір біз осы іргетасты қайта жасап жатырмыз.
Біздің мақсатымыз – Қазақстанды Еуропа мен әлем чемпионаттарында көру. Бірақ бұл бір сәттік науқандармен емес, жүйелі дайындық арқылы жүзеге асуы тиіс. Біз сол жолға ұранмен емес, нақты жоспармен жаңадан аяқ бастық.
ҚФФ басшылық құрамын күшейттік. Бас хатшы болып Давид Лория тағайындалды. Ол – ұлттық құраманың бұрынғы қақпашысы, UEFA MIP магистрі, футболды ішінен жақсы білетін маман. Қазір ішкі тәртіп, халықаралық байланыс пен операциялық жұмыстарға жауап береді.
Техникалық директор ретінде УЕФА-дан Геннадий Скуртул келді. Оның бағыты – балалар мен жасөспірімдер футболы, әйелдер футболы және бұқаралық футбол. Сонымен қатар, ол жасөспірімдер құрамаларын үйлестіріп отыр. Ең маңызды жобалардың бірі – элиталық жастар футболын дамыту. Бұл бағытта ҚФФ академиясы базасында бірнеше жоба іске асырылуда.
Ал ұлттық құрамалар департаментін Руслан Балтиев басқарады. Ол – Қазақстан футбол тарихындағы ең атақты ойыншы, ұлттық құраманың бұрынғы капитаны. Құраманың ішкі проблемаларын, дайындықтағы қиындықтарды, клубтармен қарым-қатынас пен логистиканы жақсы біледі. Қазір ол бұл құрылымды қайта жүйелеп, оқу-жаттығу жиындарының кестесін, тамақтану, трансфер және қалпына келу үдерістерін реттеп отыр.
Бас бапкерге келсек, отандық футболмен жақсы таныс маман Әли Әлиевке мүмкіндік бердік. Қазір біз оның жұмысына сабырмен әрі мұқият қарап отырмыз. Черчесовтың кезіндегідей келісімшарт сомасы жоғары емес. Ең бастысы – ол техникалық және сараптамалық бөліммен бірлесіп жұмыс істейді. Біз шешімді эмоциямен емес, сараптама жасап қабылдаймыз.
Қазір ұлттық құрама жасарып келеді. Ақпан-наурыз айларында жаттықтырушылар штабы резервтегі ойыншылармен оқу-жаттығу жиындарын өткізді. Жалпы 30 футболшы шақырылып, жоғары мотивация мен жақсы әлеует көрсетті.
Әли Әлиев басшылығымен өткен алғашқы ресми төрт ойында мына жаңа есімдер пайда болды: Мұхамеджан Сейсен, Наурызбек Жагоров, Алияp Мұхаммед, Дастан Сәтпаев, Ғалымжан Кенжебек, Әділбек Жұмаханов және Дәурен Жұмат.
Жалпы, біз құраманың айналасында жаңа мәдениет қалыптастырып жатырмыз. Бұрын футбол әкімшілік немесе қаржылық мүдделердің алаңы еді. Қазір бәрі басқаша. Біз прогресті жасанды түрде көрсетпейміз, оны нақты жоспарлаймыз. PR-мен емес, жауапкершілікпен айналысамыз. Тек сонда ғана нәтиже тұрақты болады.
Біздің міндет – Әлем және Еуропа чемпионаттарына шығуға қабілетті жаңа буын футболшыларын қалыптастыру.
Мысал ретінде Өзбекстанды алыңыз. Олар реформаны федерациядан бастады: жүйе құрды, база жасады. Соның арқасында алғаш рет әлем чемпионатына шықты. Бұл – сәттілік емес, жүйелі жұмыстың жемісі. Біз оларды шын жүректен құттықтаймыз. Қазақстан да үлкен нәтижеге қабілетті деп сенеміз.
Әрине, УЕФА арқылы әлем чемпионатына шығу оңай емес. Азияда жолдама саны 4-тен 8-ге дейін көбейді, ал Еуропада тек 3-ге артты. УЕФА-да бәсекелестік жоғары, соның арқасында ойыншылардың да деңгейі өседі.
– Әлем чемпионатына қатысу туралы айсақ, Қазақстан бұл турнирге қашан шыға алады деп ойлайсыз?
– Бұл – ең жиі қойылатын әрі қиын сұрақтардың бірі. Әлем чемпионатына шығу – бір сәттік жетістікпен не бапкер ауыстырумен шешілмейді. Бұл бүкіл футбол құрылымының ұзақ әрі жүйелі жұмысының нәтижесі.
Біз қазір басты назарды инфрақұрылымға, балалар-жасөспірімдер академияларына, білікті бапкерлер дайындауға, бұқаралық футболға және ішкі жарыстардың деңгейін арттыруға аударып отырмыз.
Әлем чемпионатына жалғыз мотивациямен шыға алмайсың. Ол үшін нақты әдістеме, сараптама, тұрақты клубтық жүйе, жас ойыншыларды кәсіби деңгейге шығару қажет. Бұл жылдар бойы жасалатын жоспарлы жұмыс.
Сондықтан біз даңғаза уәде бергіміз келмейді. Қысқа мерзімді жоспарлар құрмаймыз. Мақсатымыз – нақты нәтиже беретін жүйе жасау. Егер осы жолдан таймасақ, құрама бір күні әлем чемпионатына шығады. Бірақ ол кездейсоқтық емес, кәсіби жұмыс нәтижесі болуы қажет.
– Халықаралық деңгейде FIFA және UEFA-мен қандай жұмыс атқарылып жатыр? Болашаққа қандай жоспарлар бар?
– 25 сәуірде Қазақстан футболы күніне орай Еуропа футбол қауымдастықтары одағының (УЕФА) президенті Александр Чеферин елімізге ресми сапармен келді. Сапар аясында УЕФА басшысы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевпен кездесті. Мемлекет басшысы еліміздегі футболды дамытуға көрсетіп отырған қолдауы мен назарын жоғары бағалады.
Қазақстан футбол федерациясы FIFA және UEFA ұйымдарымен тығыз әріптестікте жұмыс істейді. Бұл ұйымдар бұқаралық футболдан бастап ұлттық құрамаларға дейінгі ұлттық қауымдастықтарды жан-жақты қолдап келеді. Біз бұл бастамалардың қатысушы ретінде нақты қолдау көріп отырмыз.
Алдағы уақытта УЕФА Конференциялар лигасының финалы немесе УЕФА Суперкубогы, сондай-ақ U-17 немесе U-19 жасөспірімдер Еуропа чемпионатын өткізуге өтінім беруді жоспарлап отырмыз.
FIFA-мен бірге FIFA Forward бағдарламасы бойынша өтініш бердік. Бұл – өңірлік академиялардың біріне инфрақұрылымдық гранттар тарту. Сонымен қатар, FIFA Arena аясында стадиондарды сертификаттау жұмысы жүріп жатыр.
Мұның бәрі инфрақұрылым талаптарына байланысты. Сол себепті ҚФФ Мәдениет және спорт министрлігімен, әкімдіктермен, стадион иелерімен бірлесіп жұмыс істеп, жаңа нысандарды халықаралық стандарттарға сай етіп салу мәселесін үйлестіріп отыр.
– Сіз айтып отырған бастамалардың ауқымы өте кең. Бірақ қоғам бұл жобалардың жай уәде болып қалмайтынына қалай сенеді? Қаражат, жобалар мен нәтижелер туралы ашық ақпарат бола ма?
– Бұл – біз үшін аса маңызды мәселе. Сенім сөзбен емес, іспен қалыптасарына сенеміз. Бүгінде ҚФФ толық адрестік модель бойынша жұмыс істейді. Тартылған қаражаттың бәрі нақты жобаларға бекітілді. Бірде-бір демеушілік ақша негізсіз немесе бақылаусыз басқа мақсатқа жұмсалмайды.
Федерация негізгі шығыс бағыттары бойынша цифрлық теңге жүйесін енгізуді бастады. Жөнелту ақысын төлеу, инфрақұрылым жобаларын қолдау, демеушілік келісімшарттар. Біз бұл технологияны жай сынап қана қоймаймыз, оны әкімшілік мәдениетіміздің бір бөлігіне айналдырып жатырмыз. Қазірдің өзінде мұндай операциялардың үлесін кеңейтіп, ішкі есеп жүйесімен біріктіру үстіндеміз. Бұл қаражат қозғалысын толық бақылауға және ашықтықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ал ол PR емес, таза басқару құралы.
Жыл соңына дейін біз «үлкен төрттік» құрамына кіретін халықаралық аудит компанияларының бірінің дайындаған толық қаржылық есепті ұсынамыз. Бұл есеп ашық, егжей-тегжейлі болады және жыл сайынғы тұрақты практикаға айналады. Қазақстан футболына ашық бюджет бұрыннан қажет болды. Біз соны қамтамасыз етеміз.
– Егер барлық айтылғанды қорытындыласақ, осы лауазымдағы басты басқарушылық мақсатыңызды қалай тұжырымдар едіңіз? Сіз үшін не маңызды?
– Менің басты мақсатым – берік жүйе құру. Яғни, эмоциямен емес, науқанмен емес, бәрін қолмен басқарып емес, тұрақты әрі сенімді тәртіппен жұмыс істеу. Ол үшін толық инфрақұрылым, білікті мамандар, дұрыс әдіс, сапалы бақылау, цифрлық жүйе және сенім керек. Біз көзбояушылықпен айналысуды тоқтатып, мықты негіз қалауды бастауымыз керек.