Игорь Утробин 60 жасқа келді

Ойыншы ретіндегі мансабы 1980-жылдардың басында басталып, 1990-жылдардың ортасына дейін жалғасты. Осы уақыт аралығында Игорь Владимирович КСРО мен Қазақстан чемпионаттары мен кубоктарында жалпы саны 365 матч өткізіп, 107 голдың авторы атанды. Әсіресе, 1990 жылғы маусым ерекше есте қалды: ол кезде Өскеменнің «Восток» командасы сапында өнер көрсетіп, 21 голмен КСРО чемпионатының ІІ лигасындағы 8-аймақтың үздік сұрмергені атанды.
Сергей Кенетаев: «Игорь Владимирович – алматылық футбол мектебінің түлегі. Ойыншы кезінде жылдам, техникасы жоғары және гол соғу сезімі керемет шабуылшы болатын.
1990 жылы «Восток» сапында маусымның үздік сұрмергені болды. Қазақ КСР чемпионатын және Кубогын жеңіп алды. Сондай-ақ Қазақ КСР жастар құрамасы сапында КСРО халықтары Спартакиадасына қатысты.
Құрметті Игорь Владимирович!
Біз сізбен ұзақ жылдар бойы Қазақстан футбол федерациясының балалар-жасөспірімдер футболы департаментінде иық тірестіре еңбек еттік. Сіз – тек алаңда ғана емес, кеңседе де кәсіби білігі жоғары, жасөспірімдер футболының барлық қыр-сырын жетік білетін мамансыз.
Шын жүректен туған күніңізбен құттықтаймын! Сізге және сізді жақсы көретін жандарға зор денсаулық, амандық тілеймін. Барлық армандарыңыз орындалсын!»
Игорь Утробин әр жылдары СКИФ, «Жетысу», Запорожье қаласының «Металлург» және «Торпедо», сондай-ақ «Восток», «Шахтер», «Достық» және «Қайрат» командаларында өнер көрсетті. Ол 1993 жылы Қазақстан Кубогының иегері атанып, КСРО халықтары Спартакиадасында және футзалдан әлем чемпионатына іріктеу кезеңінде ұлттық құрама сапында ел намысын қорғады.
Дмитрий Огай: «Игорь Владимировичті шын жүректен мерейтойымен құттықтағым келеді! Мықты денсаулық, ұзақ өмір, барлық бастамаларыңызға сәттілік және отбасыңызға береке тілеймін.
Өкінішке қарай, біз ойыншы кезімізде көп бірге ойнай алмадық, бірақ ол әрқашан сенімді серіктес әрі жоғары деңгейдегі футболшы ретінде есте қалды.
Ойыншылық мансабын аяқтаған соң да футболдан қол үзбей, осы салада ұзақ жылдар бойы елеулі еңбек етіп келеді. Осындай азаматтардың қазақ футболына адал қызмет етіп жатқанына қуаныштымын», — деді.
Футболдағы белсенді мансабын аяқтаған соң, Игорь Владимирович өзін толығымен отандық футболды дамытуға арнады. Ол спорт директоры, матч инспекторы қызметтерін атқарып, кейін Қазақстан футбол федерациясының балалар-жасөспірімдер футболы сынды маңызды бағыттарында жетекшілік етті.
Қазақстан футбол федерациясы Игорь Владимирович Утробинді мерейтойымен шын жүректен құттықтайды! Сізге зор денсаулық, сарқылмас күш-жігер және өзіңіз арнаған игі істе табыстар тілейміз. Футболға деген махаббатыңыз әрқашан жол көрсеткішіңіз бола берсін!