Марат Омаров: «Әр ауылда футбол алаңы болуы үшін жұмыс істеп жатырмыз»

– Біз инфрақұрылым мәселесіне жүйелі түрде қарап отырмыз. Қазір бір мезгілде үш бағытта жұмыс істеп жатырмыз: Қазақстан тарихында алғаш рет FIFA қаржыландыруымен қала және ауыл мектептерінде 100 шағын футбол алаңын салу жобасы қолға алынды. Қазір біз мектептерді әлеуметтік тапшылығы, халық тығыздығы және инфрақұрылымдық жетіспеушілік критерийлері бойынша іріктеудеміз. Бұдан бөлек, «FIFA Arena» және «KFF Arena» жобаларымыз бар. Оны «Бәйтерек» холдингімен бірге дайындап жатырмыз. Жеке кәсіпкерлерге әр қала мен ауылда ареналар салу үшін қандай пайызбен несие береміз, «Даму» банкпен қандай жеңілдіктер болады соны құрудамыз. FIFA Arena – стратегиялық маңызды жоба. Оны FIFA қаржыландырады, жобаға мемлекеттің қаржысы салынбайды. Бұл –жеке инвестиция. Қазақстанда инфрақұрылым тапшылығы қатты сезіледі. Біз ірі қалаларда ғана емес, ауылдық жерлерде де футболды дамытуды мақсат еттік. Федерация инфрақұрылым тапшылығын жою, алаңдар санын көбейту және футболды дамытуға арналған техникалық әрі материалдық база қалыптастыруға басымдық береді, – деді М.Омаров.