Анатолий Антипин: «Елімізде жаңа бағытты дамытып жатқаныма қуаныштымын»

Анатолий Антипин: «Елімізде жаңа бағытты дамытып жатқаныма қуаныштымын»

10 шілде 2025, 14:30
Blind Football-дан Қазақстан ұлттық құрамасы алғаш рет Еуропа чемпионатының екінші дивизионына қатысып, қола жүлдені иеленді.

ҚФФ баспасөз қызметіне сұхбат берген бас бапкер Анатолий Антипин Польшаның Краков қаласында өткен турнирдің барысы жайлы, еліміздегі бұл спорт түрінің дамуы, алдағы жарыстар мен жеке мотивациясы туралы айтып берді.

– Анатолий мырза, Польшаның Краков қаласында өткен Еуропа чемпионатында Қазақстан құрамасы үшінші орын алды. Құттықтаймыз! Жалпы әсеріңіз қандай болды?

– Бұл біз үшін тарихи сәт. Алғаш рет Еуропа чемпионатына (екінші дивизион) қатыстық. 2025 жылдың ақпанында біздің бастамамызбен команда Азиядан Еуропа лигасына ауыстырылды.

Турнир өте жақсы ұйымдастырылды, барлық жағдай жасалды. Жігіттер өздеріне жүктелген міндетті орындап шықты. Бірақ жекелей алғанда кейбір ойыншылар бар күшін көрсете алмады.

Қазір қателіктермен жұмыс істеп жатырмыз. Мұндай халықаралық жарыстар бізге бір емес, бірнеше қадам алға жылжуға мүмкіндік береді. Кейбір ойыншылар өте сапалы футбол көрсетті.

Айта кетейін, шабуылшымыз Болат Жанымхан 12 және 13-ші голдарын осы турнирде соқты. Бар болғаны бір гол жетпей, үздік сұрмерген атану мүмкіндігінен айырылып қалды.

– Соңғы жылдары Blind Football елімізде қаншалықты дамып келеді? Қай өңірлер белсенді?

– Қазіргі таңда ең белсенді үш өңір – Алматы қаласы, Жамбыл облысы және Алматылық облыс. 2025 жылы географиямыз кеңейіп, алғаш рет Астанадан жаңа команда қосылды. Қазіргі таңда ел чемпионатына тұрақты түрде бес өңір қатысады.

2026 жылы бұл сан жетіге жетеді деп жоспарлап отырмыз. Қазір Түркістан, Қарағанды және Ақтөбе облыстарынан командалар құрылу үстінде. Тамыз айында Астанада Қазақстан футбол федерациясының Кубогы өтеді. Бұл – ауқымды іс-шара болады.

– Биыл қандай халықаралық турнирлерге қатысасыздар?

– Еуропа чемпионатынан кейін бізді Үндістанда өтетін Ұлттар Кубогына шақырды. Бұл жарыс қыркүйек айында өтеді, онда Азия мен Еуропаның мықты құрамалары жиналады.

– Қазақстан құрамасы 2026 жылы Францияда өтетін Еуропа чемпионатының жоғарғы дивизионына жолдама алды. Бұл турнирден не күтесіз? Қай құрамамен ойнағыңыз келеді?

– Жоғарғы дивизион – мүлде басқа деңгей. Бұл салада 20 жылдан астам уақыт бойы жүйелі жұмыс істеп келе жатқан елдер бар. Біз оларға қарсы тұруға дайынбыз. Әрине, біз халықаралық жарыстарға бар болғаны үш рет қатыстық.

Қорқып отырған жоқпыз. Қазір командамыздың жағдайы өте жақсы. Дегенмен, біз әлі де жылдамдық пен төзімділік жағынан ұтылып жатырмыз. Бірақ қай тұста осал екенімізді жақсы білеміз.

Барлық құрамамен ойнағымыз келеді. Өйткені бізде ойын тәжірибесі аз. Мысалы, Франция құрамасымен кездескім келеді. Олар – Паралимпиада чемпиондары. Бұл – ең жоғары деңгей. Біз олардың ойынын сырттай көре алмаймыз, тек алаңда кездесіп, өз көзімізбен көргіміз келеді.

– Жеке өзіңізді бұл салада не шабыттандырады?

– Мені жігерлендіретіні – бұл істің ауқымы және өз елімді халықаралық аренада танытып жүргенім. Сонымен қатар, жаңа бағытты дамытып жатқаным қуантады.

Көру мүмкіндігі шектеулі жандардың әлеуметтік ортада мүмкіндігі аз, бірақ олар алаңға шыққанда – бұл нағыз спорт, олар сол сәтте еркіндікке шығады. Осыны көру – мен үшін шабыт көзі.

Мен өзімді мықты бапкермін деп есептеймін. Өз ісімді өнер деп қабылдаймын. Мысалы, Польша құрамасында жеті адамнан тұратын бапкерлер штабы болды. Өз алаңында, жанкүйерлерінің алдында ойнады. Бірақ біз оларға төрт гол соғып, жауап соққы беруге мүмкіндік те қалдырмадық.

Біз техника, тактика, физикалық дайындық, психология – барлық жағынан басым болдық.

Бөлісу

Жаңалықтар

Жоғары