Виталий Астафьев ҚФФ Ұлттық академиясына FIFA таланттарды дамыту бапкері болып тағайындалды

Виталий Астафьев ҚФФ Ұлттық академиясына FIFA таланттарды дамыту бапкері болып тағайындалды

06 шілде 2025, 17:22
Алматыға FIFA High Performance маманы Мариан Пахарь мен жаңа ФИФА таланттарды дамыту жаттықтырушысы Виталий Астафьев келді. Екеуі де Global Football Development Division өкілі. Сапардың мақсаты — Ұлттық академияға ФИФА таланттарды дамыту жаттықтырушысы өкілеттігін ресми түрде тапсыру.

Англияның «Саутгемптон» клубы мен Латвия құрамасының бұрынғы ойыншысы Мариан Пахарь бүгінде Global Football Development Division құрылымында жұмыс істейді. Ол ҚФФ техникалық директоры Геннадий Скуртулға, ұлттық құрамалар департаментінің директоры Руслан Балтиевке және ҚФФ селекциялық қызметінің жетекшісі Евгений Свешниковқа ФИФА-ның жаңа өкілі — Виталий Астафьевті таныстырды. Астафьев бұл қызметте өз мансабын ФИФА құрамындағы ғаламдық техникалық сарапшылар қатарында жалғастыратын Стюарт Холлдың орнын басты.

Виталий Астафьев туралы

Виталий Астафьев — латвиялық футболдың көрнекті өкілі. Ол ойыншы ретінде «Сконто», «Олимп», «Вентспилс», Австрияның «Аустрия» мен «Адмира Ваккер», Англияның «Бристоль Роверс» және «Рубин» клубтарында ойнаған. Латвия құрамасында 167 матч өткізіп, ұлттық рекорд орнатқан және Еуро-2004 турниріне қатысқан. 1995, 1996 және 2007 жылдары Латвияның үздік ойыншысы атанып, ел чемпионатын тоғыз рет жеңіп алған.

Ойыншы мансабын аяқтаған соң Астафьев жаттықтырушы ретінде де табысты еңбек етті:

2024 – қазірге дейін — Aris Limassol FC Academy (Кипр) элиталық жасөспірімдер футболы департаментінің директоры

2021–2024 — Aris Limassol FC бас бапкерінің көмекшісі (Кипр чемпионы, Еуропа лигасы қатысушысы)

2020–2021 — Латвия U-18 құрамасы бас бапкерінің көмекшісі

2020–2021 — FC Auda бас бапкерінің көмекшісі (Латвия Бірінші лигасында 2-орын)

2019–2020 — Pafos FC Academy (Кипр) U-19 бас бапкері

2017–2018 — Riga FC Academy U-15 және U-16 командаларының бас бапкері

2013–2018 — Латвия ұлттық құрамасы мен U-21 құрамасы бас бапкерінің көмекшісі

2014–2016 — FC Jelgava бас бапкері (Латвия кубогының иегері, еурокубок қатысушысы)

2010–2014 — FC Skonto бапкер көмекшісі (чемпионат, Еуропа лигасы, Чемпиондар лигасы).

Астафьев — UEFA Pro лицензиясының иегері, ағылшын, латыш және орыс тілдерін еркін меңгерген. Ол таланттарды дамытуда, жеке және командалық дайындықта, бейне талдау мен стратегиялық жоспарлауда жоғары біліктілікке ие.

2024 жылы Виталий Астафьев ФИФА ұйымдастырған қатаң көпсатылы іріктеуден өтіп, әлем бойынша 700-ден астам үміткердің арасынан үздіктердің қатарына енді.

Ресми сапар және алдағы қадамдар

Сапар аясында ФИФА өкілдері Талғардағы ұлттық құрамалар оқу-жаттығу базасына барып, QJ League аясында ҚФФ U-16 академиясының «Кызылжар» U-18 клубына қарсы ойынын тамашалады. Қонақтар академияның ұйымдастыру деңгейін, жаттықтырушылар құрамының кәсібилігін және даму қарқынын жоғары бағалады.

ҚФФ техникалық директоры Геннадий Скуртул Қазақстан футболын 2025–2029 жылдары дамыту стратегиясын таныстырды. Презентация қорытындысы бойынша ФИФА FIFA Talent Development Scheme бағдарламасы шеңберінде Қазақстан футбол федерациясымен ынтымақтастықты тағы екі жылға ұзарту туралы шешім қабылдады.

ҚФФ Стюарт Холлға Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдер футболын дамытуға қосқан үлесі, оның ішінде TDS бағдарламасы аясында 2010 жылы туған ойыншылардан құралған U-14 командасын құруға сіңірген еңбегі үшін шынайы алғысын білдіреді. Федерация оған ФИФА құрылымындағы жаңа қызметінде табыс тілейді.

Келесі кезең — ҚФФ Академиясына жаңа ойыншыларды қабылдау. 23–25 шілде аралығында Талғарда 2011 жылы туған футболшыларға арналған іріктеу жиыны өтеді. Оның қорытындысы бойынша үздік ойыншылар Академияға қабылданып, жобаның жаңа буынының бөлігіне айналады.

Бөлісу

Жаңалықтар

Жоғары