Астанада ЦП-футбол Pro санатындағы бапкерлерді даярлау туралы халықаралық семинар өтті

Бұл – ЦП-футболдың Pro санатындағы бапкерлерді даярлауға арналған алғашқы халықаралық тәжірибе. Қазақстан инклюзивті спортты дамытуға белсенді қатысып, халықаралық серіктестермен ашық жұмыс істегенінің арқасында осы семинарды өткізу құқығына ие болды.
Жиынның оқу бағдарламасы теория және практика жүзіндегі екі бөлімнен тұрды. 13 қазақстандық маман үш күнде ЦП-мен өмір сүретін спортшыларды дайындаудың негізгі әдістемелерін меңгерді. Оларға халықаралық сарапшылар – IFCPF-тің даму жөніндегі директоры Сэм Тернер (Англия) мен федерацияның ресми оқытушысы Мохаммед Зайнудин (Сингапур) жетекшілік етті.
Семинар соңында барлық қатысушыға курс өткенін растайтын сертификат берілді. Енді олар біліктілік емтиханын тапсырады. Сәтті тапсырған қатысушылар ЦП-футбол бойынша халықаралық деңгейдегі Pro санатындағы бапкерлік лицензия ала алады.
Шыңғыс Темірханов, Халықаралық ЦП-футбол федерациясының семинар кураторы:
«Бұл еліміз үшін Pro санатындағы өте маңызды жоба және аса маңызды семинар деп білемін. Қазіргі таңда еліміздің 9 өңірінен 13 жаттықтырушы осы курстан өтіп жатыр. Бүгінде бізде ЦП футболда бес команда бар. Жыл соңына дейін тағы төрт команда құруды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар Астанада алғаш рет әйелдер құрамасын жинау ойымызда бар. Бұл – ЦП-футболдың дамуына үлкен серпін береді».
Сэм Тернер, Халықаралық ЦП-футбол федерациясының футболды дамыту жөніндегі директоры:
«Астанада алғашқы кеңейтілген жаттықтырушылар курсын өткізіп жатқанымызға өте қуаныштымын. Біз мұнда алғаш рет 2017 жылы кіріспе курсын өткізген едік. Сол уақыттан бері Қазақстанда бұл футбол түрі айтарлықтай дамыды. Қазір көптеген жаңа команда пайда болып, ойыншылардың саны артты. Қазақстан өз чемпионатын дамытып, ұлттық құрамамен де жүйелі жұмыс істеп жатыр. Менің ойымша, бұл ойыншылардың бәрінде футбол ойнауға өзге спортшылармен тең мүмкіндік бар дегенді білдіреді».
Халықаралық ЦП-футбол федерациясы (IFCPF) 2015 жылы құрылған. Бұған дейін ЦП-футбол 37 жыл бойы церебралды параличпен өмір сүретін адамдарға арналған спорт пен демалыс қауымдастығының құрамында болған. Қазіргі таңда IFCPF – осы спорт түрін дүниежүзілік деңгейде реттейтін ресми орган.