ҚФФ мен «Флагман» білім беру ұйымы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

Келісім аясында тараптар футболшылардың оқу процесіне бейімделген білім беру бағдарламаларын жасауға, ортақ медиа және жарнама бастамаларын жүргізуге, әдістемелік, танымдық әрі ойын-сауық форматындағы іс-шаралар – семинарлар, вебинарлар, экскурсиялар мен түрлі акцияларды ұйымдастыруға уағдаласты. Сонымен қатар, екі тарап қолда бар медиаплатформалар арқылы бір-біріне ақпараттық қолдау көрсететін болады.
«Бүгінгі келісім – Қазақстан футболының болашағына салынған инвестиция. Жас футболшылардың тек кәсіби шеберлігін арттырып қана қоймай, сапалы білім алып, тұлға ретінде де дамуына мүмкіндік жасағымыз келеді. Мұндай қадам тек ойыншыларды емес, жан-жақты жетілген, алаңнан тыс жерде де көшбасшылық қабілеті бар азаматтарды қалыптастырады. Серіктестігіміз жас спортшылар үшін жаңа мүмкіндіктердің берік іргетасына айналатынына сенімдімін», - деді КФФ бас хатшысы Давид Лория.
«Бұл келісім – жастар мен спортты дамыту жолындағы біздің үлесіміз. Білім мен футболды үйлестіру арқылы жасөспірімдерге алаңда ғана емес, өмірде де жаңа мүмкіндіктер ашылады деп шын жүректен сенеміз. Алда бізді жастарды спорттық та, академиялық та биіктерге жетелейтін көптеген ортақ бастамалар күтіп тұр», - деді «Флагман» білім беру ұйымының басқарушы директоры Мадина Момынқұлова.
«Флагман» оқу орталығы Академияның үздік тәрбиеленушілеріне немесе Қазақстан Республикасы чемпионатында топ жарған балалар командаларының ойыншыларына алғашқы оқу жылына үш тегін грант береді.
Меморандум аясында тараптар спорт, білім беру және жастар бастамаларын дамытуға бағытталған жобаларды бірлесіп жүзеге асыруды көздейтін ұзақмерзімді серіктестік орнатпақ. Ынтымақтастық өзара беделді қолдауға және ортақ құндылықтарға негізделеді.