Семейде Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай футболдан халықаралық балалар турнирі өтеді

Семейде Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай футболдан халықаралық балалар турнирі өтеді

25 шілде 2025, 12:00
25–27 шілдеде Семей қаласында қазақтың ұлы ақыны және ағартушысы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған алғаш рет футболдан халықаралық «Abay Cup» балалар футбол турнирі өтеді.

Турнирге Қазақстан, Ресей, Өзбекстан және Қырғызстаннан жас спортшылар қатысады.

Жарыс «Ұшақтар» стадионында өтеді, ол 12 жасқа дейінгі командалар арасында ұйымдастырылады.

Турнирге қатысатын командалар: Бішкектен келген қырғызстандық «Дордой», Ресейдің Новокузнецк қаласынан «Спартак-Юниор», Барнаул қаласынан «Темп», Абаканнан «Атлетик», Ташкенттен келген өзбекстандық «Чигатай», сондай-ақ Қазақстанның «Жеңіс» (Астана), «Алтай» (Өскемен) және семейлік «Елімай» командалары.

«Abay Cup» спорттық шара ғана емес, сонымен қатар Абай мұрасын насихаттауға, өңірлік туризмді дамытуға және отбасылық демалыстың жаңа үлгісін қалыптастыруға бағытталған мәдени бастама болмақ.

Турнирдің медиалық бөліміне ерекше көңіл бөлінді. Барлық матч тікелей эфирде көрсетіледі, оған бес камера қойылады. Сондай-ақ LIVE-студия жұмыс істейді. Жас ойыншылармен, ата-аналармен және бапкерлермен сұхбат ұйымдастырылады. Осылайша шараны заманауи, бәріне қолжетімді форматта өткізіп, ойыншылар мен жанкүйерлерді бір ортаға біріктіруге мүмкіндік береді.

Турнирді ұйымдастырушылар: Қазақстан футбол федерациясы, Абай облысының әкімдігі, Абай облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы, «Елімай» футбол клубы, Абай облыстық футбол федерациясы. Игі бастамаға Абай облысының әкімі Берік Уәли жеке қолдау көрсетуде.

Бөлісу

Жаңалықтар

Жоғары