Атыраудағы Қазақстан әуесқой лигасының әр ойыны тікелей эфирден көрсетіліп жатыр

Атырау футбол федерациясының вице-президенті Эдуард Хисметуллин тек әуесқой лига ойындары емес, басқа да матчтар онлайн көрсететінін айтты. Бұл тұрғындардың футболға қызығушылығын арттырумен қатар, жергілікті ойыншылардың танымал болуына да оң әсерін тигізеді.
- Аймақтық деңгейде футболдың дамуына серпін беру үшін медиа мен цифрлық технологияларды тиімді пайдалану маңызды. Тікелей эфирден шалғайдағы ауыл, қала тұрғындарына да өз командасының ойынын тамашалап отыр. Бұл тек футболды насихаттау емес, сонымен қатар жастар арасында футбол мәдениетін қалыптастырып, жергілікті спортты жаңа деңгейге шығарады. Қазақстан әуесқой лигасы ойындары күні-кеше басталса да ел арасында танымал болып, ойын тартысты өтіп жатыр. Қатысушы командалар бұған дейін де облыстық турнирлерге қатысып жүр. Арасында бұрын кәсіби ойыншы болған ардагерлер де бар,-деді Э.Хисметуллин.
Бұдан бөлек, Қазақстан әуесқой лигасының іріктеу ойындары Ақтөбе, Абай, Қарағанды, Батыс Қазақстан облыстары мен Шымкент, Алматы қалаларында да көрсетіліп отыр.
Қазақстан әуесқой лигасын құру ҚФФ-ның стратегиялық мақсаттарының бірі. Бұл бастама елдегі футболдың дамуын бірізді жүйеге түсіруге бағытталған. Әуесқой деңгейден бастап кәсіпқой футболға дейінгі толық құрылым қалыптастыру көзделіп отыр. Лиганың тағы бір маңызды міндеті – аймақтардағы футбол инфрақұрылымын нығайтып, оның қоғамдағы беделін арттыру.
Лиганың ақтық кезеңінің жеңімпазы 2026 жылғы маусымда Екінші лигада ойнауға мүмкіндік алады. Сонымен қатар, келесі жылғы Қазақстан кубогына қатысып, еліміздің атынан УЕФА Аймақтар кубогында өнер көрсетеді.