Әли Әлиев: «Бельгия құрамасына тосынсый дайындауға тырысамыз»

– Бельгияға кеше келдік. Уэльспен өткен матчтан кейін ауыр жарақат пен шығындар болмағанына қуаныштымын. Жеті сағат ұштық. Қазір ең маңыздысы – ойыншылардың функционалдық және психологиялық жағдайын қалпына келтіру. Уақыт аз, сондықтан бапкерлік штабпен және медициналық персоналмен бірге жұмыстарды қысқа мерзімде орындауға тырысамыз. Ротация арқылы алаңға футболшыларды өз міндеті бойынша шығарамыз. Жалпы, команданың және ойыншылардың жағдайына көңіліміз толады.
– Көптеген жанкүйер Ғалымжан Кенжебектің ойынын мақтап, бірақ оны ерте ауыстырылғанына наразы болды. Бұған не дейсіз?
– Бізде жас, батыл әрі амбициясы жоғары шабуылшылар жиналған. Олардың әрқайсы заманауи шеткі форвардтарға қажет қасиеттерге ие. Біз Ғалымжанды таңдадық, ал ол өз ойынымен осы шешімнің дұрыстығын дәлелдеді.
Бірақ бізде екі ойынға арналған стратегия болды. Кенжебектің Бельгияға қарсы ойынға керектігін түсіндік, сондықтан оны соңына дейін ойнатпадық. Осындай стратегия таңдадық. Иә, біреу «Ғалымжан ойынды соңына дейін ойнағанда, гол соғуы мүмкін еді» деуі мүмкін, бірақ футболды болжай алмаймыз. Сондықтан оны ауыстыруды, екінші ойынға сақтауды жөн көрдік. Өйткені қақпаға қауіп төндіретін әрі шабуылды шиеленістіретін мұндай шабуылшы бізге қажет.
– Еркін Тапалов пен Ислам Чесноковтың жағдайы қалай? Ертең алаңға шығуға дайын ба? Ал Темірлан Анарбеков ойнай ма?
– Еркін келмеді. Оның тізе шеміршегінің ауыр жарақаты бар, сондықтан ол үйде қалды. Ал Ислам мен басқа да микрожарақаты бар ойыншылар жарақаттарын емдеді. Оларды қалпына келтіруге тырысамыз.
Қақпашыларға келсек, бізде жақсы топ бар. Бірақ Темірланға үлкен жүктеме түсті. Ол 10 күнде үш ауыр матч өткізді, соның ішінде Чемпиондар лигасына шығу да бар. Ол Көкшетауда «нөлге» ойнады, содан кейін Уэльспен матч өтті. Бұл психологиялық әрі физикалық тұрғыда үлкен қысым болды. Ертеңгі ойынға шығу-шықпауын медициналық штаб шешеді.
– Соңғы ойында команда екінші таймда белсенді шабуылдады. Үзілісте жігіттерге не айттыңыз? Бельгиямен ойында қандай өзгерістер күтеміз?
– Ешқандай ерекше психологиялық сөздер болмады. Мен әрқашан жігіттерге ұлттық құрамаға шақырса, мотивацияның қажеті жоғын айтасын. Біз тірек аймағын жоғарырақ көтеріп, Самородовқа, Кенжебекке және Сәтпаевқа көмектесуді сұрадық. Бұл тапсырманы Рамазан Оразов пен Дамир Қасаболат жақсы орындады.
Қайта дұрыс құрыла бастағанда, қарсылас та қателіктер жібере бастады.
Ертең тактикалық өзгерістер көбірек болады. Кешке теориялық жаттығу өткіземіз, Бельгияның қалай ойнайтынын көрсетеміз және ойында тосынсый дайындауға тырысамыз.
– Нұралы Әліптің Уэльс ойыншысымен қақтығысынан кейін жағдайы қалай?
– Бәрі жақсы. Нұралы өте үлкен жұмыс көлемін атқарды, сол үшін оған рахмет. Бірнеше рет қарсылас қақпасына дейін жетіп үлгерді, соның салдарынан бұлшықеті тартылып қалды. Жарылып кетпес үшін өзі ауысуды сұрады. Бүгін және ертең қалпына келіп, ойынға дайын болады.
– Қазақстан ертең Бельгияны қандай артықшылықтарымен жеңе алады?
– Тәртіптің, ойын ұйымшылдығының, ұжымдық бірліктің арқасында. Бұл әрбір жаттығуда сезіледі. Жігіттер кез келген қарсыласқа қорықпай қарсы шығады, мұны төрт ресми ойында көрсетті. Иә, сәл сәттілік жетпеді, бірақ осындай көзқараспен жеңістер де алыс емес.
– Бельгиямен ойында нені күтесіз?
– Қарсыласты таныстырудың қажеті жоқ. Біз өз ойынымызды ойнаймыз, аналитикалық штаб дайындаған нұсқауды орындаймыз. Жарқын әрі келісімсіз күресті күтеміз.
– Бельгия құрамасында ерекше қауіп төндіретін ойыншылар бар ма?
– Бұл командада әр ойыншы қауіпті. Құрамаға жоғары сапалы футболшылар шақырылады. Ерекше біреуін бөліп көрсетпеймін, бәрі танымал әрі құрметке лайық.