Қазақстан әуесқой лигасының финалдық кезеңі басталды

Дәл осы кездесулерде Қазақстан әуесқой лигасының тарихындағы алғашқы чемпион анықталмақ. Жеңімпаз тек басты трофейді ғана емес, сонымен қатар маңызды спорттық мүмкіндіктерге ие болады. Атап айтсақ: 2026 жылғы маусымда Екінші лигада өнер көрсету құқығы, келесі маусымда Қазақстан Кубогына қатысу, сондай-ақ еліміздің атынан халықаралық аренада UEFA Өңірлер кубогында бақ сынау мүмкіндігі.
Финалдық кезеңнің барлық матчы Қазақстан футбол федерациясының (KFF) ресми YouTube-арнасында тікелей эфирде көрсетіледі.
Ұйымдастырушылар атап өткендей, Жетісу облысының алаңдарында финалды өткізу тек спорт мерекесі ғана емес, еліміздегі әуесқой футболды дамытудағы маңызды қадам саналады.
Айта кету керек, финалдық кезеңге өңірлік турнирлердің жеңімпазы атанған 20 команда қатысуда. Ал дебюттік маусымда Қазақстан әуесқой лигасына барлығы 268 команда тіркеліп, ойыншылардың жалпы саны 6000-нан асты.