Қазақстан - Лихтенштейн матчына аккредитациялау

Қазақстан - Лихтенштейн матчына аккредитациялау

28 қыркүйек 2025, 12:41
Қазақстан футбол федерациясының баспасөз қызметі 2026 жылғы Әлем чемпионатының іріктеу кезеңі аясында Қазақстан – Лихтенштейн құрама командалары арасындағы матчқа аккредитация алуға өтінімдер қабылдау басталғанын хабарлайды.

Еске салайық, Қазақстан – Лихтенштейн ойыны 10 қазанда  «Астана Арена» стадионында өтеді. Басталуы – 19:00.

БАҚ өкілдерін тіркеу 7 қазан, сағат 12:00-ге (Қазақстан уақыты) дейін жүргізіледі. Көрсетілген мерзімнен кейін түскен өтінімдер қаралмайды.

Аккредитациялар жеке берілетіндіктен, барлық БАҚ өкілі 3х4 көлеміндегі түрлі-түсті портреттік фотосуретті қоса тапсыруы тиіс. Әр журналиске аккредитацияға өтінім жеке-жеке kff.kz сайтындағы тиісті бөлім арқылы беріледі.

Аккредитацияға өтінімді қалай беру керек

 1. Іс-шараны таңдау (қай матчқа/шараға аккредитацияға өтінім беріп жатқаныңызды көрсету);

 2. Аты-жөні (Т.А.Ә.);

 3. Электронды пошта;

 4. Телефон нөмірі;

 5. БАҚ атауы;

 6. Аккредитация түрін таңдау (журналист немесе фотограф);

 7. Соңғы жарияланымдарыңыз туралы ақпаратты сілтемесімен бірге көрсету;

 8. Құжаттарды жүктеу: жеке куәлік, 3х4 фото, редакциялық хат (фирмалық бланкіде бас редактордың немесе басшының мөрі мен қолы қойылған).

Жоғарыда көрсетілген талапқа сай келмейтін және белгіленген мерзімнен кеш жіберілген өтінімдер қабылданбайды.

Аккредитациялық бейдждер 9 қазанда Астана қаласындағы «Астана Арена» стадионында (Тұран даңғылы, 48)  матч алдындағы іс-шара кезінде ғана беріледі.

НАЗАР АУДАРЫҢЫЗ!

Аккредитациялық бейдждерді үшінші тұлғаларға беру жағдайлары жиі кездескендіктен, фирмалық бланкіде мөрі мен бас редактордың немесе басшының қолы қойылған редакциялық хат міндетті түрде болуы тиіс! Мұндай хатсыз өтінімдер қабылданбайды!

Әрбір редакцияға үш аккредитациялық бейджден артық берілмейді (екі тілші, бір фотограф/оператор).

Баспасөз өкілдеріне арналған жерде орын саны шектеулі, сәйкесінше аккредитациялар да сондай болады. Жіберілген өтінімдер қаралып, қосымша бекітіледі. Бұл туралы қосымша хабарланады.

УЕФА регламентіне сәйкес, телехабар таратушы, ұлттық ассоциацияның операторы немесе команданың техникалық операторы болмаса, басқа  БАҚ өкілдеріне матч кезінде бейнетүсірілім жасауға қатаң тыйым салынады.

Байланыс: e-mail: press@kff.kz

Бөлісу

Жаңалықтар

Жоғары