ҚФФ-да QJ League матчтарындағы төрешілікті дамыту жөнінде кіші комитет құрылды
Кіші комитет QJ League матчтарын өткізетін төрешілерді оқыту, оларды Екінші лигаға іріктеу және әрі қарай дамыту мәселелерін қарастырады. Сонымен қатар, аймақтық төрешілер комитеті ұсынған кандидаттарды QJ League матчтарына тағайындау мәселелері де жатады.
Мұнда апта сайын матчтар мен ойын эпизодтарын талдауға, инструкторлардың ұсынымдарын беруге, сондай-ақ ұлттық деңгейдегі төрешілерге қойылатын талаптарды түсіндіру және көрсету жұмыстарына басымдық беріледі.
Бұдан бөлек, кіші комитет мүшелері инспекторлармен жұмыс жүргізіп, аймақтық төрешілер комитеттерімен өзара байланыста болады.
QJ League төрешілігін дамыту жөніндегі кіші комитетті бұған дейін FIFA және UEFA арбитрі болған, УЕФА Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасы матчтарын басқару тәжірибесіне ие Фуркат Атажанов басқарады.
Кіші комитет құрамына Премьер-лигадағы әрекет етуші инспектор Асхат Абданбаев та енеді. Ол биылдан бастап ұлттық деңгейдегі техникалық инструктор мәртебесінде қызмет атқарады.
Аталған кіші комитет QJ League төрешілер корпусын даярлау мен дамытуда жүйелі тәсілді қалыптастыруға, сондай-ақ жасөспірімдер мен жастар деңгейіндегі матчтарда төрешілік сапасын арттыру мақсатында құрылды.